360

Илья Ильин ресми түрде «спорттық зейнеткер» атанды

Атақты ауыр атлет Илья Ильинге спорттық зейнетақы тағайындалды.

Илья Ильин ресми түрде «спорттық зейнеткер» атанды
instagram.com/ilyailyinforever

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, атақты қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин ресми түрде «спорттық зейнеткер» мәртебесін алды. 37 жастағы чемпионға спорттағы көпжылдық еңбегі үшін арнайы зейнетақы тағайындалған.

Бұл туралы спортшының жұбайы Татьяна Ильина Instagram парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, өткен аптада Илья Ильинге спорттық зейнетақы тағайындау туралы бұйрыққа қол қойылған.

Қазақстанда мұндай төлем олимпиада және әлем чемпиондарына беріледі. Шарт бойынша спортшы кәсіби спортқа кемінде 20 жылын арнауы тиіс.

Жұбайы әлеуметтік желіде жазған жазбасында чемпионның спорттағы жолын ерекше атап өтті.

«Илья небәрі 37 жаста. Бірақ осы уақыттың ішінде ол бірнеше спорттық өмірге татитын мансапты бастан өткерді. Әр медальдың артында ауыр еңбек, темірдей тәртіп, ауыр сәттер мен қайта оралу жатыр. Әлем үшін сен — аңыз, ел үшін — мақтаныш», — деп жазды ол.

Илья Ильин ауыр атлетика тарихында ерекше із қалдырған спортшылардың бірі. Ол:

— үш түрлі салмақ дәрежесінде төрт дүркін әлем чемпионы;
— жасөспірімдер арасында екі мәрте әлем чемпионы;
— екі дүркін Азия чемпионы;
— төрт әлемдік рекордтың иегері;
— 2005, 2006, 2014 және 2015 жылдары әлемнің ең үздік ауыр атлеті атанған.

Сонымен қатар спортшы жоғары мемлекеттік марапаттармен де наградталған. Ол Құрмет ордені, Барыс ордені және Отан ордені иегері.

Белсенді спорттық мансабын аяқтағанымен, Ильин спорт саласынан қол үзген жоқ. Ол «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша PhD ғылыми дәрежесін қорғап, ғылым мен спорт саласында жұмысын жалғастырып келеді.

Татьяна Ильинаның сөзінше, бұл кезең чемпион өміріндегі жаңа тараудың бастамасы. 

Материал авторы