435

АҚШ-та медициналық алаяқтық ісі бойынша қазақ жігітке 20 жылға дейін түрме қаупі төніп тұр

АҚШ-та қазақстандық азаматқа ауыр айып тағылды.

АҚШ-та медициналық алаяқтық ісі бойынша қазақ жігітке 20 жылға дейін түрме қаупі төніп тұр
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ аумағында медициналық жабдыққа қатысты алаяқтық ісі бойынша қазақстандық азаматқа 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, іс медициналық жабдық арқылы жасалған алаяқтыққа қатысты. Егер айып толық дәлелденсе, күдіктіге АҚШ заңнамасы бойынша шамамен 20 жылға дейінгі жаза тағайындалуы ықтимал.

«Қазіргі уақытта біздің дипломаттар ұсталған азаматтың туыстары және адвокаттарымен тұрақты байланыста. АҚШ құқық қорғау органдары тергеу әрекеттерін жалғастырып жатыр», – деді Жетібаев ведомствода өткен брифингте.

Министрлік бұл істі бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.

Бұған дейін Чикаго қаласындағы федералдық прокурорлар медициналық сақтандыру саласындағы ауқымды алаяқтық схемаларын ұйымдастырды деген күдікпен бірнеше шетелдік азаматқа айып таққан. Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер мемлекеттік бағдарламалар мен жеке сақтандыру компанияларына 1 миллиард доллардан астам шығын келтірген.

Айыпталушылардың бірі — Қазақстан азаматы Ануар Абдрахманов. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол алаяқтық жолмен алынған қаражатты заңдастыру мақсатындағы келісімге қатысқан болуы мүмкін. Прокуратура мәліметінше, ол Priority One Medical Equipment атты америкалық компанияны бақылауға алып, оны медициналық жабдықтарға жалған өтінімдер беру үшін пайдаланған. Әңгіме, әсіресе, глюкозаны үздіксіз бақылау жүйелері мен катетерлерге қатысты өтемақылар туралы болып отыр.

Айыптау нұсқасына сәйкес, 2024 жылдың наурызынан тамызына дейін компания шамамен 666 миллион доллар көлемінде жалған өтінім жолдаған.

Тағы бір іс бойынша Қазақстан азаматы Тайыр Смағул күдікке ілінген. Ол Medical Home Care Inc. компаниясы арқылы жүргізілген қаржы жымқыру схемасына қатысы болуы мүмкін деген болжам бар.

Тергеу мәліметінше, 2023 жылдың желтоқсанынан 2024 жылдың қыркүйегіне дейін Смағул аталған компанияны бақылап, науқастарға қажет емес немесе мүлде жеткізілмеген медициналық жабдық үшін төлем талап ету схемасына қатысқан.

Айыптаушылардың дерегіне сәйкес, 2023 жылдың мамырынан 2024 жылдың маусымына дейін компания шамамен 953 миллион доллар көлемінде 470 мыңға жуық жалған өтінім берген. Осы кезеңде клиенттерден 27 мыңнан астам шағым түскен.

Материал авторы