SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семей қаласында түнде жеңіл көлік пен локомотив қатысқан жол-көлік оқиғасы болды. Соқтығыс салдарынан пойыз көлікті теміржол бойымен біраз жерге дейін сүйреп кеткен.
Абай облысының полиция департаменті мәліметінше, оқиға 11 наурызға қараған түні шамамен сағат 03:00 шамасында болған. Алдын ала дерек бойынша, 24 жастағы жүргізуші Mercedes-Benz көлігімен Қаржаубайұлы көшесімен келе жатып, реттелмейтін теміржол өткелінен өтер кезде қауіпсіздікке көз жеткізбеген. Соның салдарынан өтіп бара жатқан локомотивпен соқтығысқан.
Соқтығысқаннан кейін локомотив жеңіл көлікті біраз қашықтыққа дейін сүйреп әкеткен.
Көліктің ішінде 19 жастағы жолаушы қыз болған. Ол медициналық мекемеде тексеруден өтті, дәрігерлер оның өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ екенін айтты. Жүргізуші медициналық көмекке мұқтаж болмаған.
Аталған дерек бойынша жүргізуші теміржол өткелінен өту ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңнамаға сәйкес, мұндай құқықбұзушылық көлік құралын басқару құқығынан тоғыз айға дейін айыруды қарастырады.
RUS