Таяу Шығыстан 9,5 мыңнан астам қазақ азаматы елге жеткізілді
Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері өңірдегі отандастармен тұрақты байланыс орнатқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағынан қазақстандықтарды эвакуациялау бойынша соңғы мәліметтерді жариялады. Ведомство дерегінше, өңірден Қазақстанға 9 517 азамат жеткізілген.
Министрлік хабарлауынша, қазіргі уақытта Біріккен Араб Әмірліктері, Катар және Сауд Арабиясы аумағынан азаматтарды шығару жұмыстары жалғасып жатыр.
Сонымен қатар эвакуациялық шаралар Бахрейн, Израиль, Иордания, Иран, Кувейт, Ливан және Оман елдерінде аяқталу сатысына жеткен.
СІМ мәліметінше, Қазақстанның өңірдегі дипломатиялық өкілдіктері жергілікті жерде жұмысты үйлестіруді жалғастырып отыр. Елшіліктер мен консулдықтар қазақстандықтармен тұрақты байланыс орнатып, қажетті көмек көрсетуде.
Бұған дейін ведомство өкілі Ерлан Жетібаев Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары бар-жоғы туралы түсініктеме берген болатын.
Материал авторы