239

Қызылордада ес-түссіз жатқан жүргізушінің қарындасы полицейлерден көмек сұрады (ВИДЕО)

Полицейлер ес-түссіз жатқан жігіттің өмірін сақтап қалды.

Қызылордада ес-түссіз жатқан жүргізушінің қарындасы полицейлерден көмек сұрады (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қызылорда қаласында патрульдік полиция қызметкерлері жол жиегіне тоқтап қалған көліктегі жүргізушіге дер кезінде көмек көрсетіп, оның өмірін сақтап қалды. Бұл туралы Қызылорда облыстық полиция департаменті жазды.

Ведомство мәліметінше, оқиға 9 наурыз күні таңғы сағат 08:35 шамасында болған. Қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Бақытжан Енсебай мен Нұрбол Байжанов Бейбарыс пен Даутбаев көшелерінің қиылысында жолдан шығып кеткен көлікті байқайды.

Полицейлер көлікке жақындағанда дөңгелектің жарылғанын көріп, жағдайды анықтамақ болған. Сол сәтте оларға бір әйел жүгіріп келіп, көмек сұраған. Оның айтуынша, рөлде отырған бауырына кенеттен ұстама ұстап, есінен танып қалған.

Тәртіп сақшылары шұғыл әрекет етіп, жігітке алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Соның арқасында 21 жастағы жүргізуші есін жиған. Кейін полицейлер жедел жәрдем шақырып, оны дәрігерлерге тапсырған.

Полиция департаментінің мәліметінше, патрульдік қызметкерлердің жеделдігі мен үйлесімді әрекеті қайғылы жағдайдың алдын алған. Ал жігіттің анасы тәртіп сақшыларына алғыс білдірген.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор