Бішкекте екі қырғыз азаматын азаптап өлтірген төрт адам ұсталды
Қаза тапқандар – 1999 және 2003 жылы туған жігіттер.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қырғызстан астанасы Бішкек маңында екі азаматты қатыгездікпен өлтірген қылмыс бойынша төрт күдікті ұсталды. Бұл туралы 24Kg жазды.
7 наурыз күні Москов ауданына қарасты Ақ-Торпок ауылының маңындағы далада зорлық белгілері бар екі ер адамның мәйіті табылған. Олар Бішкек – Ош тас жолынан шамамен 200 метр батысқа қарай, Петровка мен Ақ-Торпок ауылдарының арасынан анықталған.
Қаза тапқандардың кім екені анықталды: 1999 жылы туған Д.Д. және 2003 жылы туған К.Б. Белгілі болғандай, Д.Д. 1 наурыздан бері із-түзсіз жоғалғандар тізімінде болған.
Тергеу барысында қылмысқа қатысы бар деген күдікпен төрт адам ұсталды: 2001 жылы туған К.О., 2007 жылғы С.Б., 2005 жылғы М.Б. және 2006 жылғы С.У. Тінту кезінде күдіктілердің бірінің үйінен Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің жалған қызметтік куәлігі мен милиция лейтенантының погоны бар форма табылған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, 25 ақпанда күдіктілер жәбірленушілерді алдап, Бішкектегі жалдамалы пәтерге алып келген. Сол жерде оларды соққыға жығып, ақша мен ұялы телефондарын тартып алған. Кейін ер адамдарды тамақсыз ұстап, 26 ақпанға дейін пәтерде қамап отырған.
Түн ортасына қарай олардың қолдарын байлап, көздерін таңып, Hyundai Sonata көлігімен Бішкек – Ош тас жолына қарай алып шыққан. Петровка мен Ақ-Торпок ауылдарының арасындағы далаға апарып, қайта соққыға жығып, тұншықтырып өлтірген.
Қылмыстан кейін мәйіттерді сол жерде қалдырып, күдіктілер оқиға орнынан қашып кеткен. Қазіргі уақытта төрт адамның барлығы ұсталып, іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Материал авторы