293

Ақтөбеде мұғалім ата-аналарды 3,2 млн теңгеге алдап, ақшаны құмар ойынға жұмсаған

Мұғалім екі оқушының ата-анасына Назарбаев мектебіне түсіруге көмектесемін деп уәде берген.

Ақтөбеде мұғалім ата-аналарды 3,2 млн теңгеге алдап, ақшаны құмар ойынға жұмсаған
yandex.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде математика пәнінің мұғалімі алаяқтық жасады деген айыппен сот алдында жауап берді. Ол оқушылардың ата-аналарын алдап, 3,2 миллион теңге алған.

Айыптау материалдарына сәйкес, Шыңғысхан Пайзов жеке оқу орталығында жұмыс істеп, оқушыларды Назарбаев зияткерлік мектептеріне түсуге дайындаған. Осы мүмкіндікті пайдаланып, ол екі оқушының аналарына балаларын НЗМ-ке орналастырып беруге көмектесетінін айтқан.

Мұғалімнің сөзіне сенген ата-аналардың бірі оған 1,5 миллион теңге, екіншісі 1 миллион 700 мың теңге берген. Алайда уәде орындалмаған. Кейін ата-аналар өздерінің алаяқтың құрбаны болғанын түсініп, полицияға шағымданған.

Сот барысында айыпталушы алаяқтық жасағанын толық мойындады. Үкім шыққанға дейін ол жәбірленушілерге келтірілген шығынды толық өтеген.

Тергеу кезінде айыпталушының жұбайы 2026 жылдың басында күйеуінің адамдарды алдап, НЗМ-ке түсіруге көмектесемін деп ақша алғанын білгенін айтқан. Оның сөзінше, ер адам құмар ойындарға әуестеніп, алынған ақшаны сол мақсатқа жұмсаған.

Сот мұғалімді алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Оған үш жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Бұл мерзім ішінде ол бостандықта жүрсе де, белгілі бір шектеулерге бағынады.

Қосымша жаза ретінде сотталған азамат жазасын өтеу мерзімі бойы жыл сайын 100 сағаттан мәжбүрлі қоғамдық жұмыс атқарады.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор