Автопилоттың кесірінен апатқа ұшыраған кейін әйел Tesla мен Илон Маскты сотқа берді
Әйел Маскты жауапсыз саудагер деп балағаттады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ-та электр көліктерін шығаратын Tesla компаниясына қарсы тағы бір сот дауы басталды. Техас тұрғыны Cybertruck пикапымен болған жол апатынан кейін компанияны және оның басшысы Илон Маскты жауапқа тартуды талап етуде.
Electrek мәліметінше, талап арызды Техас штатының тұрғыны Джастин Сент-Амур берген. Ол 2025 жылдың ақпанында толық өздігінен жүру жүйесі — FSD орнатылған қолданыстағы Tesla Cybertruck пикабын сатып алған.
Алайда сол жылдың 18 тамызында Хьюстондағы жол айрығында көлік апатқа ұшыраған. Сот құжаттарына сәйкес, көлік эстакададағы Y-тәрізді жол торабында оңға бұрылуы тиіс болған. Автопилот режимінде келе жатқан пикап бұрылыс доғасымен қозғалып келе жатып, жол кеңейген тұста бағытын жоғалтып, тура жүріп кетеді. Соның салдарынан көлік бетон қоршауға және жарық бағанасына соғылған.
Оқиға орны эстакада үстінде болғандықтан, соққыдан кейін көлік артқа серпілмегенде ол биіктіктен құлап кетуі мүмкін болған. Мұндай жағдайда апат салдары әлдеқайда ауыр болар еді.
Талапкердің айтуынша, көлік бағытын жоғалтқан сәтте ол рөлге жармасып, жағдайды түзетуге тырысқан. Бірақ соқтығысты болдырмау мүмкін болмаған.
Сотқа берілген талапта әйел моральдық шығын ретінде 1 миллион доллар өтемақы сұрап отыр. Сонымен қатар ол компанияға қосымша айыппұл салуды талап етуде.
Талапкер Tesla директорлар кеңесін де сынға алған. Оның пікірінше, олар Илон Маскты компанияның бас директоры қызметінде қалдырып, қауіпсіздігі күмән тудыратын көліктердің шығарылуына жол беріп отыр.
Сент-Амур Маскты «қауіпті инженерлік шешімдер қабылдауға бейім және өнім мүмкіндіктерін шамадан тыс уәде ететін жауапсыз саудагер» деп атаған.
Сот материалдарында FSD жүйесі «ақауы бар және негізсіз қауіпті» технология ретінде сипатталады. Талапкердің адвокаттары бұл жүйе автопилоттың екінші деңгейіне жататынын айтады. Яғни көлік толық автоматты түрде жүрмейді және жүргізуші үнемі басқаруды бақылап отыруы тиіс.
Соған қарамастан жүйенің атауындағы «толық өздігінен жүру» деген тіркес тұтынушыларға көліктің мүмкіндігі туралы жалған түсінік қалыптастырады деп көрсетілген.
Дауда тағы бір мәселе – компанияның құпиялылық саясаты. Талапкерлердің айтуынша, Tesla пайдаланушыларға FSD жүйесінің жұмысы туралы деректерді ашық бөлісуге шектеу қояды. Бұл жағдай реттеуші органдардың апаттарды толық зерттеуіне кедергі келтіруі мүмкін.
Айта кетейік, биыл компания жол апатына қатысты тағы бір сот ісінде жеңіліп қалған. Онда FSD жүйесінің кінәсі ішінара дәлелденіп, компания шамамен 243 миллион доллар өтемақы төлеуге міндеттелген.
Материал авторы