251

Израиль Ливанға жаппай әуе соққыларын жасады

«Хезболла» Израильге 100-ден астам зымыран атқан.

Израиль Ливанға жаппай әуе соққыларын жасады
x.com / @intogreyx

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Таяу Шығыстағы жағдай күрт шиеленісе түсті. Израиль әскері Ливан аумағына бірнеше әуе соққысын жасап, оны шииттік Хезболла қозғалысының ракеталық шабуылына жауап деп түсіндірді.

Израиль әскері 11 наурыз кешінде Бейруттің оңтүстік маңындағы нысандарға жаппай соққы берген. Әскери мәліметке сәйкес, қысқа уақыт ішінде шамамен онға жуық нысан, соның ішінде «Хезболланың» элиталық «Радван» бөлімшесіне тиесілі командалық пункттер мен инфрақұрылым нысандары нысанаға алынған.

Reuters агенттігінің ливандық дереккөздерге сілтеме жасап хабарлауынша, «Хезболла» Израиль аумағына 100-ден астам зымыран атқан. Ал Израиль әскері шабуыл кезінде шамамен 150 ракета ұшырылғанын мәлімдеді. Олардың бір бөлігі әуе қорғаныс жүйелері арқылы жойылған.

Әуе дабылы сиреналары елдің солтүстігінде, соның ішінде Хайфа қаласында, сондай-ақ орталық өңірлер мен Тель-Авив маңында іске қосылған. Алдын ала мәлімет бойынша, екі адам жеңіл жарақат алған.

«Хезболла» мәлімдемесінде ракеталық шабуылдардың нысанасы Израильдің әскери объектілері болғаны айтылды. Топ мәліметінше, олардың бірі Тель-Авив маңындағы Глилот базасына бағытталған. Бұл жерде Израиль әскери барлауының 8200 бөлімшесі орналасқан.

Оқиғалар аясында Ислам революциясы сақшылары корпусы «Хезболламен» бірлескен ракеталық операция жүргізілгенін хабарлады. Израиль әскері Иран тарапынан баллистикалық зымырандар ұшырылғанын тіркегенін, бірақ олардың ұсталып қалғанын мәлімдеді.

Ракеталық шабуылдан кейін Израиль әскері Бейрутке жаппай әуе соққыларын бастады. Израильдік БАҚ мәліметінше, Ливан астанасы маңында шамамен 70 соққы жасалып, 200-ге жуық оқ-дәрі қолданылған. Куәгерлер қала үстінде қою түтін көтеріліп, бірнеше ауданда өрт шыққанын хабарлады.

Ливан денсаулық сақтау министрлігі Бейруттегі Рамлет әл-Байда жағалауына жасалған соққы салдарынан кемінде сегіз адам қаза тапқанын мәлімдеді. Елдің басқа аймақтарында да жараланғандар мен қираған ғимараттар туралы хабарлар бар.

Ливан билігінің дерегінше, 2 наурыздан бері жалғасқан қақтығыстар барысында Израиль соққыларынан 634 адам қаза тапқан. Олардың ішінде 91 бала бар. Сонымен қатар 800 мыңнан астам тұрғын үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.

Израиль әскері Ливанмен шекарадағы әскери қатысуын күшейтіп жатыр. Әскерилер қосымша күштер, соның ішінде элиталық Голани бригадасы жеткізілгенін хабарлады. Бұл қадам қақтығыстың кеңеюі мүмкін деген қауіппен түсіндірілуде.

Гуманитарлық ұйымдар босқындардың жағдайы күрт нашарлап бара жатқанын ескертуде. Норвегиялық босқындар кеңесінің Ливандағы директоры Морин Филиппон мемлекеттік баспаналардың толып кеткенін айтты. Оның сөзінше, кейбір жерде бірнеше отбасы бір бөлмеде тұруға мәжбүр, санитарлық жағдайдың нашарлығы инфекциялық аурулардың таралу қаупін күшейтіп отыр.

Дипломатиялық деңгейде де қысым күшейе түсті. Израильдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Дэнни Данон Ливан билігін «Хезболланың» әскери инфрақұрылымына қарсы нақты шаралар қабылдауға шақырды. Оның айтуынша, егер Бейрут қарулы топтың әрекетін шектеуді көздесе, нақты қадамдарға баруы тиіс.

Материал авторы