349

«Сөзбен жеткізу қиын»: Израильдегі қақтығыс аймағынан Қазақстан дәрігерлері эвакуацияланды

Қақтығыс ортасында қалған дәрігерлер елге жетті.

«Сөзбен жеткізу қиын»: Израильдегі қақтығыс аймағынан Қазақстан дәрігерлері эвакуацияланды
Astana TV

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Өскемен әуежайында 12 наурыз күні Таяу Шығыстағы шиеленіс аймағында қалған қазақстандық дәрігерлерді туған-туыстары қарсы алды. Олар Израильден арнайы эвакуация арқылы елге жеткізілді.

Astana TV телеарнасының мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысынан жеті дәрігер өңірлік денсаулық сақтау бағдарламасы аясында тәжірибе алмасу үшін Израильге барған. Алайда сол уақытта Таяу Шығыста әскери қақтығыс күрт ушығып кеткен.

Өскемен қалалық ауруханасының травматолог-ортопеді Жанболат Ғазизовтың айтуынша, әскери шабуылдар басталғаннан кейін қазақстандық мамандар қауіпсіз қонақүйге көшірілген. Сол сәттен бастап олармен Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен дипломатиялық өкілдік тұрақты байланыс орнатқан.

Дәрігердің сөзінше, жағдай олардың барлығы үшін ауыр психологиялық сынақ болған.

«Мұндай күйді сөзбен жеткізу қиын. Оны сол жерде болған адам ғана түсінеді. Біз қатты психологиялық күйзеліс сезіндік және тезірек елге оралуды ойладық», – деді ол.

Әуе кеңістігі жабылғандықтан, медиктерге арнайы қауіпсіз бағыт ұйымдастырылған. Алдымен олар автокөлікпен Шарм-эш-Шейх қаласына жеткізіліп, кейін ұшақпен Қазақстанға қайтарылған. Үйге жету жолы шамамен 37 сағатқа созылған.

Соңғы деректерге сәйкес, өңірдегі шиеленіс басталғалы бері Таяу Шығыстан Қазақстанға 9 926 азамат эвакуацияланған. Соның ішінде 68 адам Израильден шығарылған.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор