247 миллион теңге мен күмәнді ұтыс: Астанада блогер Жанабыловтар отбасының ісі бойынша сот басталады
Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот басталады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 13 наурыз күні Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта блогерлер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты іс қарала бастайды. Бұл ақпаратты соттың баспасөз қызметі растады.
Сот мәліметінше, іс бойынша алдын ала тыңдау сағат 15:00-ге белгіленген.
Істің сотқа жолданғанын Қаржылық мониторинг агенттігі де растады. Ведомствоның хабарлауынша, Астана қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізген сотқа дейінгі тергеу аяқталып, материалдар мәні бойынша қарау үшін сотқа жіберілген.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы 9 қазанда апелляциялық сот блогерлердің шағымдарын қанағаттандырмай, олардың әкімшілік ісі қылмыстық бап бойынша қайта сараланып, тергеу жүргізілуі мүмкін екенін шешкен болатын. Кейін Қаржылық мониторинг агенттігі блогерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады. Заң бойынша оларға екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова — Қазақстандағы ең танымал блогерлердің бірі. Ерболаттың әлеуметтік желідегі парақшасына 8,4 миллион адам жазылған, ал Эльмираның аккаунтын 7,1 миллион адам оқиды. Олардың жарияланымдары жиі миллиондаған қаралым жинап, ұйымдастырған ұтыс ойындары Instagram желісінде кең тараған.
Тергеу мәліметінше, ерлі-зайыпты блогерлер 15 миллионнан астам оқырманның сенімін пайдаланып, заңсыз табыс табу схемасын құрған. 2025 жылы олар онлайн-курс ретінде ұсынылған жобаны іске қосып, қатысушыларды қымбат сыйлықтар ұтысына қатыстыруды негізгі ынталандыру құралы ретінде пайдаланған.
Алайда тергеу материалдарына сәйкес, ұсынылған видеоконтенттің білім беру құндылығы болмаған. Оның едәуір бөлігі ашық дереккөздерден, соның ішінде YouTube платформасынан алынған. Бұл материалдар лицензиясы жоқ лотереяны жасыру үшін қолданылған деген күдік бар.
Агенттік мәліметінше, жария түрде сыйлық қоры блогерлердің жеке қаражаты есебінен жасалады деп айтылғанымен, іс жүзінде ол қатысушылар төлеген қаражаттан құралған.
Сондай-ақ электронды «сәттілік барабанының» параметрлері өзгертілгені анықталған. Нәтижесінде 5 мың теңгелік ұтыстың ықтималдығы жасанды түрде арттырылып, ал қымбат сыйлықтарды ұтып алу мүмкіндігі айтарлықтай төмендетілген.
Бұдан бөлек, блогерлер ең көп репост жасаған қатысушыға 11-ші автокөлікті табыстаймыз деп жариялаған. Тергеу нұсқасына сәйкес, іс жүзінде жеңімпаз анықталмаған және автокөлік берілмеген.
Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, блогерлерге байланысты Zhana Business ЖШС шоттарына азаматтардан жалпы 247,5 миллион теңге түскен. Оның 60 миллион теңгесі депозиттік шоттарға орналастырылған.
Сот санкциясымен 10 автокөлікке, оның ішінде Lamborghini Urus пен Lexus LX 600 көліктеріне, сондай-ақ 17 iPhone телефонына тыйым салынған.
Қазіргі уақытта Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ қолданылған.
Материал авторы