271

Референдум: таңғы сағат 10-ға дейін 2,3 млн адам дауыс берді

Референдумда Қарағанды облысы белсенділік бойынша алда келеді.

Референдум: таңғы сағат 10-ға дейін 2,3 млн адам дауыс берді
Sputnik / Санат Имангалиев

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда өтіп жатқан референдумда таңғы сағат 10:00-дегі жағдай бойынша 2,3 миллионнан астам азамат дауыс берді. Бұл – сайлаушылар тізіміне енгізілгендердің 19,21 пайызы. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік мәлімдеді.

Комиссияның мәліметіне сәйкес, өңірлерден түскен деректер азаматтардың учаскелерге белсенді келіп жатқанын көрсетеді. Ең жоғары көрсеткіш Қарағанды облысында тіркелген – 26,64 пайыз. Одан кейін Қызылорда облысында – 24,02 пайыз, ал Ақтөбе облысында – 21,80 пайыз.

Бірқатар өңірлерде қатысу көрсеткіші 20 пайыз шамасында. Атап айтқанда, Жетісу облысында – 21,01 пайыз, Түркістан облысында – 21,21 пайыз, Шымкент қаласында – 21,36 пайыз, ал Астана қаласында – 20,68 пайыз.

Ал ең төмен көрсеткіш Алматы қаласында тіркелді. Мұнда таңғы уақытқа дейін небәрі 9,54 пайыз сайлаушы ғана дауыс берген.

Орталық референдум комиссиясының дерегінше, ел бойынша дауыс беруге құқығы бар азаматтардың жалпы саны – 12 461 796. Заң талабына сәйкес бюллетеньдер сайлаушылар санынан 1 пайыз артық дайындалады. Яғни жалпы 12 586 414 бюллетень басылған.

Комиссия өкілдері бүлінген немесе жыртылған бюллетеньдердің орнына жаңасы берілмейтінін ескертті.

Сонымен қатар тіркелген мекенжайы бойынша дауыс бере алмайтын азаматтар үшін де мүмкіндік қарастырылған. Ел бойынша 220 учаскеде бір тәулікке уақытша тіркеліп, референдумға қатысуға болады. Мұндай жағдайда азамат арнайы тізімге енгізіліп, оған дауыс беру бюллетені беріледі.

Материал авторы