292

Зеленский Еуропаны «шантаж жасады» деп айыптады

Украина президенті мұнай транзитіне қатысты қысым барын мәлімдеді.

Зеленский Еуропаны «шантаж жасады» деп айыптады
REUTERS / Octav Ganea

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Владимир Зеленский Еуропа елдерінің Дружба мұнай құбыры арқылы мұнай транзитін қайта жандандыру жөніндегі талабын қатаң сынға алды. Оның пікірінше, бұл талап Украинаға жасалып отырған қысым әрі «шантаж» сипатында. Бұл туралы Politico басылымы жазды.

Украина президентінің айтуынша, бірқатар еуропалық мемлекеттер Ресей мұнайын Украина аумағы арқылы қайта тасымалдауды талап етіп отыр. Алайда бұл бастама елдің ұлттық мүддесіне қайшы келеді.

«Дружба» мұнай құбыры 2026 жылдың қаңтарынан бері жұмыс істемейді. Инфрақұрылым әскери шабуылдар салдарынан зақымданған. Осы жағдай Киев пен Венгрия арасындағы келіспеушілікті күшейтті.

Венгрия билігі Украинаны жөндеу жұмыстарын әдейі созып отыр деп айыптады. Будапешттің пікірінше, Киев бұл арқылы елде энергетикалық дағдарыс туындатуға тырысып отыр.

Жауап ретінде Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Украинаға бөлінетін 90 миллиард еуро көлеміндегі Еуроодақ траншын бұғаттаған. Бұл қаржы ел экономикасын қолдау үшін қарастырылған еді.

Украина президенті мұнай транзитін қайта бастау ел мүддесіне сәйкес келмейтінін айтты. Оның сөзінше, Киевке түрлі шарттар қойылып отыр.

«Егер құбыр іске қосылмаса, Украина қару алмайды деген талап қойылса, бұл – ашық қысым. Мен Еуропадағы серіктестерімізге мұны шантаж деп атадым», – деді Зеленский.

Даулы мәселе әлемдік энергетикалық ахуал шиеленіскен кезеңге тұспа-тұс келді. Соңғы күндері мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асып кеткен. Бағаның күрт өсуі ақпан айының соңында Иран маңында басталған қақтығыстармен байланысты.

Осы жағдайға байланысты АҚШ билігі жанармай бағасының шарықтауын тежеу үшін Ресей мұнай экспортына қатысты санкциялардың бір бөлігін уақытша жұмсартқан.

Ал Нафтогаз компаниясы «Дружба» құбырын тез арада қалпына келтіру мүмкін емес екенін мәлімдеді. Компания мәліметінше, нысан қатты зақымданған, ал жөндеу жұмыстары қауіпсіздік тәуекелі жоғары жағдайда жүргізілуі тиіс.

Айта кетейік, «Дружба» – Орталық және Батыс Еуропа елдеріне мұнай жеткізу үшін салынған әлемдегі ең ірі магистральдық мұнай құбырларының бірі. 

Материал авторы