356

Шымкентте жігіт қозғалып келе жатқан көліктен фейерверк атқаны үшін қамалды (ВИДЕО)

Досымды құттықтағым келді дейді ұсталған жігіт.

Шымкентте жігіт қозғалып келе жатқан көліктен фейерверк атқаны үшін қамалды (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте түн ішінде жол үстінде фейерверк атқан жігіт әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қауіпті әрекет қаладағы ең қарбалас көшелердің бірі – Қонаев даңғылында болған. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тараған.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Lexus GS көлігінің жолаушысы қозғалып келе жатқан автокөліктің терезесінен шығып алып, жолдың дәл үстінде отшашу атқан. Оның бұл әрекеті жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіріп, түнгі уақытта қоғамдық тыныштықты бұзған.

Барлық әрекет бейнебақылау камераларына түсіп қалған.

Полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады. Тергеу кезінде ол бұл әрекетін досының туған күнімен құттықтағысы келгенімен түсіндірген.

Дегенмен құқық қорғау органдары оның бұл «құттықтауы» бірден бірнеше заңбұзушылыққа жататынын айтты. Ер адамға ұсақ бұзақылық, елді мекенде пиротехникалық бұйымдарды қолдану, түнгі тыныштықты бұзу және жол қозғалысы ережелерін сақтамау баптары бойынша әкімшілік материалдар толтырылған.

Сот шешімімен құқық бұзушы әкімшілік қамауға алынды.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор