337

Қостанай облысында әйелге бензин құйып өртеген ер адам сотталды

Ауыр қылмыстың кесірінен әйелдің денесі үштен бірі күйген.

Қостанай облысында әйелге бензин құйып өртеген ер адам сотталды
Shutterstock

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанай облысында әйелді бензинмен өртеп, ауыр жарақат салған ер адамға сот үкімі жарияланды. Іс Қостанай ауданаралық сотында қаралды.

Сот дерегіне қарағанда, оқиға 2025 жылдың тамыз айында Қостанай ауданындағы саяжай аумағында болған. Ер адам мен әйел арасында жанжал туындап, оның соңы қылмысқа ұласқан. Айыпталушы әйелдің үстіне бензин құйып, от қойған.

Салдарынан жәбірленуші денесінің 30–35 пайызы күйіп, ауыр термиялық жарақат алған. Сараптама қорытындысы бойынша бұл жарақаттар өмірге қауіпті деп танылып, денсаулыққа ауыр зиян келтіру ретінде бағаланған.

Прокурор соттан айыпталушыны алты жылға бас бостандығынан айыруды және жазаны орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеуді сұрады. Жәбірленуші де қатаң жаза қолдануды талап еткен.

Сотталушы кінәсін толық мойындап, ең төменгі жаза тағайындауды өтінген.

Сот Қылмыстық кодекстің 106-бабының 1-бөлігі бойынша үкім шығарып, ер адамды бес жылға бас бостандығынан айырды. Жаза орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеледі.

Үкім шығару кезінде сот айыпталушының кәмелетке толмаған баласының барын жеңілдететін жағдай ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Сонымен қатар сот жәбірленушінің материалдық шығын мен моральдық зиянды өтеу туралы талабын қанағаттандырды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор