357

Талғардың бұрынғы әкімі қазір таксист боп жүргенін айтты

Шерзаттың өлімінен соң Талғарда әкім болған Арыстанбек Әбілқайырұлы көлік жалға алып, таксист боп жүргенін айтты.

Талғардың бұрынғы әкімі қазір таксист боп жүргенін айтты
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Талғар қаласының бұрынғы әкімі Арыстанбек Әбілқайырұлы қызметтен кеткеннен кейін такси жүргізушісі болып жұмыс істеп жүргенін айтты. Ол қазір жалға алған көлікпен жолаушы тасып, табыс тауып жүр.

Экс-әкім бұл туралы берген сұхбатында қандай еңбек болса да арланбайтынын жеткізді. Оның айтуынша, үйде бос отыруды намыс көрген.

«Қазақта “есекті жусаң да, ақша тап” деген сөз бар. Үйде жатып алу маған ұят болды. Отбасымды асырауым керек. Өзімнің көлігім жоқ, сондықтан жалға алған машинамен такси жүргізіп жүрмін. Күндіз де, түнде де жұмыс істеймін. Кейде түн ортасына дейін рөлде отырамын. Күн сайынғы жоспарым – 18 500 теңге табыс табу», – деді ол.

Журналист экс-әкімнен қызметтен кетуіне қысым болды ма деп сұраған. Алайда Әбілқайырұлы бұл шешімді денсаулығына байланысты өз еркімен қабылдағанын айтты. Оның сөзінше, атасының қайтыс болуы психологиялық және физикалық жағдайына әсер еткен. Кейін жүрекке байланысты мәселелер туындап, жоғары жүктемені көтеру қиынға соққан.

Сондай-ақ бұрынғы әкім қызметін толық деңгейде атқара алмағанын мойындады. Соған қарамастан, бар күшін салғанын атап өтті. Егер тағы мүмкіндік берілсе, мемлекеттік қызметке қайта оралуға дайын екенін де жасырмады.

Еске салайық, Арыстанбек Әбілқайырұлы Талғар қаласының әкімі кезінде TikTok желісінде белсенді болып, қаладағы мәселелерді бейнежазбалар арқылы көрсетіп, қоғам назарын аударған еді. Кейін қызметтік міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін оған айыппұл салынған. Осыдан кейін ол өз еркімен қызметтен кеткенін мәлімдеген.

Материал авторы