Елімізде жаңа Конституция қабылданды
Елде өткен референдум жаңа Конституцияны бекітті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда өткен республикалық референдумның қорытындысы бойынша жаңа Конституция қабылданды. Бұл туралы Республикалық референдум жөніндегі орталық комиссияның төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлімдеді.
Орталық комиссия басшысы брифинг барысында қолданыстағы заңнамаға сәйкес референдумның заңды деп танылуы үшін дауыс беруге сайлау құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі қатысуы тиіс екенін айтты.
Оның сөзінше, референдумға қойылған мәселе – жаңа Конституцияны қабылдау туралы шешім – дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы қолдаған жағдайда қабылданған болып есептеледі. Сонымен қатар бұл қолдау елдегі өңірлердің кемінде үштен екісінде тіркелуі керек.
Комиссия төрағасының мәліметінше, дауыс беру нәтижесінде барлық өңірде сайлаушылардың басым бөлігі жаңа Конституцияны қолдаған. Осылайша заңда көрсетілген талаптар толық орындалған.
«Республикалық референдум туралы заң талаптарына сәйкес, елдің 20 өңірінің кемінде үштен екісінде дауыс берген азаматтардың жартысынан астамы оң шешімді қолдады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды деп танылады», – деді Нұрлан Әбдіров.
Материал авторы