282

Қазақстан туы әлемдегі ең үздік мемлекеттік ту атанды

Әлемдік онлайн-турнирде Қазақстан туы бірінші орынға қойылды.

Қазақстан туы әлемдегі ең үздік мемлекеттік ту атанды
Frizi / Getty Images Pro

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның мемлекеттік туы халықаралық интернет дауыс беруінде әлемдегі ең үздік ту атанды. Бұл нәтиже Reddit платформасында өткен Flags of the World атты ауқымды онлайн-турнирдің қорытындысында белгілі болды.

Дауыс беру Reddit-тегі r/flags атты тақырыптық қауымдастықта ұйымдастырылған. Байқауға әлемдегі ресми танылған мемлекеттердің тулары қатысып, қолданушылар бірнеше кезең арқылы ең үздік нұсқаны таңдаған.

Финалдық кезеңде Қазақстанның көк байрағы Океаниядағы Кирибати мемлекетінің туымен бәсекеге түсіп, басым дауыс жинады. Осылайша қазақстандық ту турнир жеңімпазы атанды.

Жартылай финалға жеткен үздік төрттік қатарында Қазақстаннан бөлек Кирибати, Бутан және Сейшел аралдарының тулары болды.

Сонымен қатар Reddit платформасында тағы бір халықаралық онлайн-дауыс беру басталды. Бұл жолы пайдаланушылар әлемдегі ең әдемі мемлекеттік елтаңбаны анықтауда.

Қазақстан бұл байқауда 26-топқа енген. Аталған топта Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Моңғолия, Пәкістан және Мальдив аралдары да бар.

Қазіргі уақытта интернет қолданушылары әлем елдерінің елтаңбалары арасынан ең үздігін анықтау үшін дауыс беруді жалғастырып жатыр.

Материал авторы