Семейде үйленген еркек жас қызды ұзақ уақыт аңдыған
Елімізде жаңа заң бойынша тіркелген іс көбейген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда адамдарды заңсыз қудалау — сталкинг мәселесі жиілеп барады. Мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Сталкинг — адамның еркінен тыс байланыс орнатуға тырысу, тұрақты түрде мазалау немесе аңду арқылы қысым көрсету. Мұндай әрекеттер кей жағдайда ауыр қылмыстарға ұласуы мүмкін.
Қылмыстық кодекстің 115-1-бабына сәйкес, заңсыз қудалау үшін айыппұл, қоғамдық жұмыс немесе қамау жазасы қарастырылған. Атап айтқанда, кінәлі тұлғаға 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Сондай-ақ 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе 50 тәулікке дейін қамау жазасы қолданылуы ықтимал.
Мамандар сталкингті жай ғана «назар аудару» деп қабылдауға болмайтынын ескертеді. Мұндай әрекеттер жәбірленушіге елеулі психологиялық қысым түсіреді. Адам тұрақты қорқыныш, күйзеліс пен мазасыздық жағдайында өмір сүруге мәжбүр болады.
Заңсыз қудалау әртүрлі түрде көрініс табуы мүмкін. Мәселен, қорқыту, қорлау, жала жабу, интернет арқылы аңду, хат-хабарларды бақылау немесе GPS-трекерлер мен бейнекамераларды пайдалану сияқты әрекеттер соның қатарына жатады. Кей жағдайларда мұндай қысым зорлық-зомбылыққа немесе мүлікке зиян келтіруге дейін жетуі мүмкін.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, сталкинг қылмыс ретінде енгізілгеннен бері соттарға 51 іс жолданған. Оның ішінде 36 іс бойынша күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Ведомствоның тергеу департаменті басшысы Самат Айсов мұндай қылмыстар ерекше бақылауда екенін айтты.
Практикада сталкингке байланысты нақты істер де тіркеліп жатыр. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында бұрынғы күйеуі әйелін ұзақ уақыт мазалап, қоңырау шалып, хабарлама жіберіп, жаңа байланыс нөмірлерін тауып, қорқытып келген. Сот оны кінәлі деп танып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартты.
Астанада бір ер адам жарты жыл бойы әйелді аңдыған. Ол жәбірленушінің жұмыс орнына және үйіне барып, бейнежазбаға түсірген. Сот оған 100 сағат қоғамдық жұмыс тағайындап, моральдық зиянды өтеуді міндеттеді. Кейін шектеу жазасы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылған.
Семейде де осындай жағдай тіркелді. 31 жастағы үйленген ер адам бір қызды ұзақ уақыт аңдып жүргені үшін жауапкершілікке тартылған.
Ішкі істер министрлігі азаматтарды мұндай жағдайларды жасырмай, дереу полицияға хабарлауға шақырады. Ведомствоның мәліметінше, заңсыз қудалаудың кез келген түрі құқықтық тұрғыда бағаланып, азаматтардың қауіпсіздігі заңмен қорғалады.
Материал авторы