426

Зеленский Иранның қоқан-лоққысына жауап берді

Тегеран Киевті Израильге қолдау көрсетті деп айыптаған.

Зеленский Иранның қоқан-лоққысына жауап берді
Thomas Peter / Reuters

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Украина президенті Владимир Зеленский Тегеран тарапынан айтылған ескертулерге жауап беріп, Украина халқы мұндай қоқан-лоққыдан қорықпайтынын мәлімдеді.

Мемлекет басшысы шетелдік журналистерге берген сұхбатында Иранның Украинаға қатысты мәлімдемелерін түсіндірді. Тегеран Киев Израильге қолдау көрсетіп жатыр деген уәжбен ықтимал соққылар туралы ескерткен болатын.

Зеленскийдің айтуынша, мұндай мәлімдемелер Украинаның ұстанымына әсер етпейді. Оның сөзінше, соғыс жағдайында өмір сүріп келе жатқан украин қоғамы түрлі қауіп-қатерге үйреніп қалған.

«Бұл біз үшін жаңа нәрсе емес. Соңғы төрт жылда да, жалпы алғанда 12 жыл ішінде де түрлі мәлімдемелер мен қысымдарды көп естідік. Мұндай сөздерден қорықпаймыз», – деді Украина президенті i24news арнасына берген сұхбатында.

Бұған дейін Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Багаи Украина билігі Израильді қолдап, Таяу Шығыстағы қақтығысқа араласуға тырысса, бұл халықаралық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін ескерткен.

Ирандық дипломаттың сөзінше, Украина билігі басқа қақтығыстарға араласу арқылы жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін. Ол мұндай әрекеттер Тегеранға қарсы агрессияға қатысу ретінде бағаланатынын айтты.

Ал Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі комиссиясының төрағасы Ибрагим Азизи Украина Израильге әскери көмек көрсетсе, оның ішінде дрондар берсе, бұл жағдайда Украина аумағы Тегеран үшін «заңды нысанаға» айналуы мүмкін екенін мәлімдеген.

Материал авторы