332

Ұлттық банк: Ирандағы соғыс Қазақстанда инфляцияны күшейтпейді

Ұлттық банк Қазақстандағы жағдайға түсініктеме берді.

Ұлттық банк: Ирандағы соғыс Қазақстанда инфляцияны күшейтпейді
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Ұлттық банкі Ирандағы соғыс пен Ормуз бұғазы төңірегіндегі жағдай ел ішінде инфляцияның күрт өсуіне немесе тауар тапшылығына әкелмейді деп мәлімдеді. Бұл туралы реттеуші Orda.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында айтты.

Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, Иран мен Таяу Шығыстағы ахуал инфляциялық тәуекелдерді толықтай жоққа шығармайды. Әсіресе импорттық тауарлар бағасының өсу ықтималдығы бар. Дегенмен қазіргі геосаяси жағдай әлемдік логистикалық жүйеге кең көлемде соққы беріп отырған жоқ.

Реттеушінің түсіндіруінше, бұл оқиғалар әзірге тек жекелеген мемлекеттерге әсер етуде. Сондықтан жеткізу тізбектерінде ауқымды іркілістер байқалмай отыр.

Ұлттық банк әлемдік мұнай нарығында да белгілі бір тұрақтану байқалып отырғанын мәлімдеді. Бұған бірнеше фактор әсер еткен.

Атап айтқанда, Сауд Арабиясы мұнай жеткізу үшін балама бағыттарды пайдалана бастады. Оның ішінде Қызыл теңіз арқылы өтетін маршруттар бар. Сонымен қатар Халықаралық энергетикалық агенттік жаһандық ұсынысты арттыру мақсатында стратегиялық қордың бір бөлігін нарыққа шығарды.

Реттеуші мәліметінше, мұнай бағасы қазірдің өзінде Қазақстанның 2026 жылға арналған республикалық бюджетінде белгіленген деңгейден жоғары. Бюджетте барреліне 60 доллар көлемі жоспарланған. Алайда мұндай баға Таяу Шығыстағы соғысқа дейін де байқалған.

Ұлттық банк Қазақстанның ішкі нарығында жанар-жағармай тапшылығы болмайтынын да атап өтті. Елде мұнай өңдеу зауыттарының қуаты жеткілікті, сондай-ақ ішкі сұранысты жабуға жеткілікті қор бар.

Сонымен бірге реттеуші экономикалық жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді. Қажет болған жағдайда Ұлттық банк пайыздық мөлшерлемелерді өзгертіп, макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау үшін қолындағы құралдарды қолдануға дайын.

Айта кетейік, жарияланым кезінде Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 103,9 доллар шамасында саудаланды. Бұл тәуліктік есепте 3,7 пайызға өскенін көрсетеді. Соңғы апталардағы ең жоғары деңгей 106,5 доллар болған.

Ал 27 ақпанмен салыстырғанда мұнай бағасы шамамен 43,3 пайызға қымбаттаған.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор