299

Астанада коммуналдық кәсіпорын жұмысшылары ереуілге шықты

«Elorda Eco System» кәсіпорнының 80-ге жуық жұмысшысы жалақыны көтеруді талап етті.

Астанада коммуналдық кәсіпорын жұмысшылары ереуілге шықты

Астанада «Elorda Eco System» коммуналдық кәсіпорнының ондаған қызметкері ереуілге шықты. Олар жалақыны көтеруді, кәсіпорында тексеріс жүргізуді және басшылық құрамын өзгертуді талап етті.

Бұл кәсіпорын қала әкімдігіне қарайды және елордадағы коллекторлар мен нөсер кәріз жүйесіне қызмет көрсетеді.

Сейсенбі күні шамамен 80 қызметкер жұмысын тоқтатып, өз талаптарын жариялады. Олар бұл мәселені тәуелсіз журналист Сания Тойкеннің Facebook парақшасындағы тікелей эфирде көтерді.

Журналистің мәліметінше, кәсіпорында жалпы саны шамамен 200 адам жұмыс істейді.

Жұмысшылардың айтуынша, қазіргі айлық жалақысы шамамен 348 мың теңгені құрайды. Алайда олар күніне 11 сағат жұмыс істейтінін айтады.

Олардың сөзінше, артық жұмыс үшін қосымша ақы төленуі тиіс, бірақ бұл төлемдер ресми түрде бекітілмеген.

«Заң бойынша 11 сағат жұмыс істесек, соған сай төлем болуы керек. Айтады, бірақ қағаз жүзінде көрген жоқпыз. Басқа ұйымдарда сыйақы жалақы мөлшерінде беріледі, ал бізде 50-100 мың теңге ғана», – деді жұмысшылардың бірі тікелей эфирде.

Сондықтан ереуілге шыққандар артық жұмысқа төлем туралы ресми бұйрық шығаруды талап етті. Олар коммуналдық қызметтер мен азық-түлік бағасының қымбаттағанын да алға тартты.

«Elorda Eco System» қаржы директоры Айгүл Шильдебаеваның айтуынша, жұмысшылардың жалақысы бюджет есебінен төленеді.

Оның сөзінше, кәсіпорын жалақыны өз бетінше көтере алмайды.

«Бізге бюджеттен қанша қаражат бөлінсе, сонша төленеді. Жалақыны өзіміз көтере алмаймыз. Бұл мәселе бойынша әкімдікке хат жолдадық, жауап күтіп отырмыз», – деді ол.

Алғашында кәсіпорынның баспасөз хатшысы журналистерге басшылықпен кездесу ұйымдастыруға уәде берген. Кейін жиналғандардың алдына мекеме басшысының орынбасары шыққан.

Алайда бір сағаттан кейін журналист Сания Тойкен кәсіпорын ғимаратынан шығарылған. Сыртта оны полиция қызметкерлері күтіп тұрған.