Ақтөбеде ірі жол апаты бес адамның өмірін жалмады
Жантүршігерлік жол апатынан аман қалған жалғыз адам комада жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысында ірі жол апаты болып, бес адамның өмірі қиылды. Тағы бір адам ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, қазір комада жатыр.
Жол-көлік оқиғасы 17 наурыз күні Ақтөбе – Атырау тас жолында, Қарауылкелді ауылының маңында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, ВАЗ маркалы жеңіл көлік пен DAF жүк көлігі соқтығысқан. Соққының қатты болғаны соншалық, жеңіл көліктің жүргізушісі мен төрт жолаушысы оқиға орнында көз жұмған.
Жергілікті әкімдік мәліметінше, апаттан қаза тапқандардың барлығы Темір ауданына қарасты Тасқоспа ауылының тұрғындары.
Олардың арасында егде жастағы ерлі-зайыпты және төрт жастағы немересі бар. Бала сол күні ата-әжесінің үйінде қонақта болған.
Марқұмдардың отбасы спорт саласына да қатысы бар екені белгілі болды. Қайғылы жағдайда волейбол жаттықтырушысының ата-анасы мен қызы қаза тапқан.
Апаттан бір адам ғана аман қалған. 33 жастағы ер адам Байғанин аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр.
Дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр. Науқас комада, оған көмектесу үшін санавиация арқылы мамандар тартылған.
Оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Полиция апаттың барлық себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.
Құқық қорғау органдары жүргізушілерді тас жолдарда жылдамдық режимін сақтауға және қауіпсіздік талаптарын қатаң ұстануға шақырды.
Материал авторы