Қазақстанда барлық студенттер жаңа Конституция нормаларын оқитын болады
Саясат Нұрбек жаңа бастаманы Үкіметте жариялады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алатын студенттер үшін жаңа талап енгізілмек. Енді барлық білім беру бағдарламаларына жаңа Конституцияның негізгі нормалары енгізіледі.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 18 наурыз күні Үкімет отырысында бұл бастама жүйелі түрде жүзеге асырылатынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа Конституция елдің даму бағытын айқындайтын басты идеологиялық негіз әрі болашақ мемлекеттік құрылымның архитектурасын қалыптастыратын құжат.
Жаңа талапқа сәйкес, Конституция ережелері барлық жоғары білім беру бағдарламаларының мазмұнына енгізіледі.
Бұл үшін арнайы жалпы білім беретін пәндер аясында «әлеуметтік-саяси білімдер» модулі оқытылады.
Министрлік бұл бағыттағы жұмыстың қазірдің өзінде басталғанын, арнайы әдістемелік негіз дайын екенін хабарлады.
Жаңашылдықтың мақсаты – студенттердің конституциялық құндылықтар мен мемлекеттік құрылым қағидалары туралы білімін жүйелеу.
Сонымен қатар жастардың құқықтық сауатын арттырып, азаматтық жауапкершілігін күшейту көзделіп отыр.
Айта кетейік, Қазақстанның жаңа Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.
Материал авторы