Жанабыловтар соты: Қорғаушылар прокурор журналистерге жалған мәлімдеме таратты деп айыптады
Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованың соты жаңа кезеңге өтті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегеноваға қатысты ашық сот процесі жалғасып жатыр. Бұл туралы Kazinform жазды.
Сот отырысында қорғау тарап прокурордың бұған дейін БАҚ-та жасаған мәлімдемелері заңға сәйкес емес деп есептеді. Адвокаттың айтуынша, прокурор журналистерге берген сұхбатында 218-бап, 2-бөлім бойынша тек қана бас бостандығынан айыру жазасы бар деп мәлімдеген.
— 218-бап, 2-бөлім санкциясы альтернативті және айыппұл тағайындау мүмкіндігін де қарастырады, — деді адвокат.
Ол сондай-ақ, прокурордың мәлімдемелері қылмыстық заңның мазмұнын бұрмалап, ықтимал жазаны дұрыс түсінбеуге және сот процесінің объективтілігін төмендетуге әкеп соқтыратынын атап өтті.
Қорғаушы прокурордың Жанабыловтар меншігіне қатысты мәлімдемелерінде қарама-қайшылықтар бар екенін де айтты. Бұрын БАҚ-та олардың мүлкі тіркелмеген деп хабарланған, алайда қорғау мәліметі бойынша, блогерлер тұратын үйге қамау салынған.
— Бұл заң нормасын дұрыс түсінбеу мен қарсы мағынадағы ақпаратты тудырып, қоғам мен сот процесінің қатысушыларын адастыруы мүмкін, — деді адвокат.
Сондықтан қорғау соттан прокурордың сот залынан тыс жасаған мәлімдемелеріне баға беруді сұрады. Прокурор бұл ескертуге негіз жоқ екенін мәлімдеді.
Сот тараптарды тыңдаған соң, БАҚ-тағы мәлімдемелерде абай болу қажеттігін атап өтті.
— Журналистерге жауап бергенде не айтатыныңды ойланып айту керек, процеске қатысушыларды адастыруға болмайды, — деді судья.
Қазіргі уақытта сотта бірінші куәгер – Уразбаева тыңдалуда.
Жанабыловтарды заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыс жолымен алынған қаражатты легализациялау айыбы бойынша тергеп жатыр.
2025 жылдың 9 қазанында апелляциялық алқа блогерлердің шағымын қанағаттандырмаған. Бұл олардың ісі әкімшілік сипаттан қылмыстық сипатқа ауысуы мүмкін екенін білдірді. Кейін ҚМА блогерлерге қатысты қылмыстық іс қозғады.
Сотқа себеп блогер Жанабыловтың 10 автокөлікті ойнату ұйымдастырғаны болды. Бұл әрекеттен кейін Лотерея және ойын бизнесін реттеу комитетіне блогерлердің заң талаптарына сәйкестігін тексеру туралы өтініш түсті. Комитет сатып алған курстардың формальды екені, практикалық құндылығы жоқтығы және бағасы 30 мың теңгеге шамадан тыс екені анықталды.
Материал авторы