Израиль Иран барлау министрінің көзін жойғанын мәлімдеді
Иранның тағы бір жоғары лауазымды тұлғасы өлтірілді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Израиль тарапы Тегеранға жасалған әуе соққысы нәтижесінде Иранның барлау министрі Эсмаил Хатиб қаза тапқанын хабарлады. Бұл туралы Израиль армиясының ресми мәлімдемесінде айтылған.
ЦАХАЛ дерегінше, операция барлау мәліметтері негізінде жүргізілген. Әуе күштері Тегерандағы нақты нысанаға дәл соққы беріп, Иранның барлау қызметін басқарған тұлғаны жойған.
Эсмаил Хатиб 2021 жылы Иранның барлау министрі болып тағайындалған. БАҚ мәліметінше, ол елдегі жоғарғы билікке жақын тұлғалардың бірі саналған және ықпалды саяси фигура болған.
Израильдің қорғаныс министрі Израэль Кац бұл ақпаратты жергілікті ақпарат құралдарына растаған.
Бұған дейін, 17 наурызда Израиль әскері Тегеранға жасалған соққы кезінде Иранның Жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Али Лариджани мен «Басидж» құрылымының қолбасшысы Гулямреза Сулеймани қаза тапқанын мәлімдеген.
Кейін Иран президенті Масуд Пезешкиан Лариджанидің қаза болғанын растап, бұл әрекетке қатаң жауап берілетінін ескерткен.
Материал авторы