Ақтөбеде шенеуніктер әкімді сотқа берді
Екі мемлекеттік қызметші өздеріне тағайындалған жазаға қарсы шыққан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысында екі мемлекеттік қызметші өздеріне тағайындалған тәртіптік жазаға қарсы шығып, аудан әкімін сотқа берді. Алайда сот олардың талабын қанағаттандырмады.
Іс Шалқар аудандық сотында қаралды. Талап қоюшылар – аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Қаниатов пен кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Марғұлан Досжанов. Жауапкер ретінде Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов танылды.
Шенеуніктер соттан тәртіптік жазаны заңсыз деп танып, оның күшін жоюды сұраған.
Аудандық прокуратура мемлекеттік сатып алу саласына тексеріс жүргізіп, өрескел заңбұзушылықтарды анықтаған. Атап айтқанда, жосықсыз деп танылған кәсіпкерлер тиісті реестрге уақытында енгізілмеген.
Нәтижесінде «Дубровко» жеке кәсіпкері мемлекеттік сатып алу конкурстарында 11 рет, ал «Лашын» кәсіпкері 8 рет жеңімпаз атанған.
Сотта белгілі болғандай, «Лашын» кәсіпкері 2024 жылдың сәуірінде, ал «Дубровко» мамыр айында жосықсыз деп танылған. Соған қарамастан, оларды тізімге енгізу мерзімі айтарлықтай кешіктірілген.
Мәселен, «Дубровко» тек 2025 жылдың 31 шілдесінде, яғни 1 жыл 3 айдан кейін ғана реестрге енгізілген. Ал ішкі саясат бөліміне қатысты сот шешімі 2025 жылдың наурызында жолданғанымен, бөлім басшысы құжатты тек екі айдан соң ашып оқыған.
Прокуратура ұсынымынан кейін іс Әдеп кеңесінде қаралып, екі шенеунікке «қызметіне толық сәйкес емес» деген ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылған.
Сот талапкерлердің уәжін негізсіз деп тауып, талап арызды қанағаттандырудан бас тартты. Егер шешіммен келіспесе, тараптар бір ай ішінде апелляциялық шағым бере алады.
Айта кетейік, бұл жағдай былтыр да қоғам талқысына түскен. Сол кезде де жосықсыз мердігерлердің тізімге енгізілмеуі салдарынан олар мемлекеттік сатып алуға қайта-қайта қатысып, бірнеше рет жеңіске жеткені белгілі болған еді.
Материал авторы