Екібастұз енді моноқала емес: Ресми шешім қабылданды
Моноқалалар саны азайып келеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Екібастұз Қазақстандағы моноқалалар тізімінен ресми түрде шығарылды. Тиісті шешімге Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі қол қойды.
Бұл қадам Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүргізілген кешенді талдаудан кейін қабылданды. Сарапшылар қаланың дамуын 78 негізгі көрсеткіш бойынша бағалап, экономикасы енді бір ғана кәсіпорынға тәуелді емес деген қорытындыға келген.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Екібастұз айтарлықтай өсім көрсеткен:
– өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 629,4 млрд теңгеге жетіп, 28,1%-ға артқан;
– негізгі капиталға салынған инвестиция 1,2 есеге өсіп, 429,8 млрд теңгені құраған.
Сарапшылардың айтуынша, қаладағы жұмыспен қамту енді тек бір салаға байланбаған. Энергетикадан бастап металлургияға дейінгі түрлі секторларда жұмыс орындары қалыптасқан.
Екібастұз тізімнен шыққан соң, елдегі моноқалалар саны 20-дан 19-ға азайды. Жаңартылған тізімде Абай, Ақсай, Ақсу, Алтай, Балқаш, Жаңаөзен, Жітіқара, Лисаковск, Қаражал, Кентау, Құлсары, Курчатов, Риддер, Рудный, Сәтбаев, Степногорск, Теміртау, Шахтинск және Хромтау қалалары қалды.
Тізімнің жаңартылуы мемлекеттік қолдауды нақты қажет ететін өңірлерге шоғырландыруға мүмкіндік береді. Яғни бір ғана кәсіпорынға тәуелді қалаларға басымдық беріледі.
Бұған дейін дәл осындай трансформациядан Саран қаласы өткен болатын. Президент оның тәжірибесін ел бойынша кеңінен енгізуді тапсырған.
Материал авторы