Иран Катар мен Сауд Арабиясындағы мұнай-газ нысандарын атқыланды
Парсы шығанағында шиеленіс өршіп барады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Иран Парсы шығанағы елдеріне кезекті соққы жасап, стратегиялық мұнай-газ инфрақұрылымдарын нысанаға алды. Шабуыл Катар, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктерін қамтыды.
Катар Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Рас-Лаффан өнеркәсіп аймағындағы әлемдегі ең ірі мұнай-газ кешендерінің бірі баллистикалық зымырандардың соққысына ұшыраған.
QatarEnergy дерегіне сәйкес, нысан небәрі 12 сағат ішінде екі рет шабуылға түскен. Соның салдарынан аумақта өрт шығып, кейін ол бақылауға алынған.
Компания кәсіпорынға елеулі зиян келгенін растады. Дегенмен зардап шеккен қызметкерлер жоқ.
Катар Сыртқы істер министрлігі бұл әрекетті «қатыгез шабуыл» және «ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер» деп бағалады. Ал Эр-Риядта әуе қорғаныс жүйесі зымыранды қағып түсіргенімен, оның сынықтары тұрғын аудандарға құлап, кемінде төрт адам жарақат алған.
Сондай-ақ зымыран бөлшектері ел астанасының оңтүстігіндегі мұнай өңдеу зауытына жақын маңға түскені хабарланды. Бұған қоса, елдің шығыс бөлігіндегі газ кәсіпорны маңында ұшқышсыз аппарат жойылған.
Біріккен Араб Әмірліктері аумағында да әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері іске қосылды. Ел Қорғаныс министрлігі Иран тарапынан ұшырылған зымырандар мен дрондарға қарсы әрекет жасалғанын мәлімдеді.
Сарапшылар бұл оқиғалар Парсы шығанағындағы қауіпсіздік ахуалының күрт нашарлағанын көрсететінін айтады. Мұнай-газ инфрақұрылымына бағытталған соққылар өңірдегі экономикалық тұрақтылыққа да тікелей қауіп төндіреді.
Материал авторы