Халықтың табысы азайып, шығыны қарқынды өсіп жатыр
Елде бір миллионға жуық аз қамтылған адам бар.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, халықтың табысы өсіп жатыр, бірақ шығын одан да жылдам ұлғайып келеді. Ұлттық статистика бюросының 2025 жылдың төртінші тоқсаны бойынша деректері осыны анық көрсетті.
Есеп бойынша, жан басына шаққандағы орташа табыс 374 297 теңгеге жеткен. Бұл жылдық өсіммен алғанда 7,7 пайыз. Алайда шығын көлемі бұдан да жоғары қарқынмен артқан.
Орташа шығын 338 450 теңгеге жетіп, бір жылда 9,4 пайызға көбейген. Яғни қарапайым тілмен айтқанда, халықтың қалтасына түсетін ақша шығынды қуып жете алмай отыр.
Жан басына шаққандағы табыс тек жалақыдан тұрмайды. Бұл көрсеткішке зейнетақы, жәрдемақы және басқа да кірістер кіреді.
Дегенмен негізгі үлесті еңбек табысы құрайды – тоқсанына 249 410 теңге. Одан кейін зейнетақы (67 026 теңге) және кәсіпкерлік табыс (30 774 теңге) тұр.
Қалған бөлігі жәрдемақы, шәкіртақы, туыстар көмегі мен алимент сияқты кірістерден жиналады.
Қазақстандықтардың шығыны әлі де азық-түлікке тәуелді. Бұл бапқа тоқсанына 177 251 теңге жұмсалған, яғни жалпы шығынның жартысынан астамы – 52,37 пайызы.
Одан кейінгі орында азық-түлікке жатпайтын тауарлар (72 052 теңге) мен ақылы қызметтер (61 789 теңге) тұр.
Сондай-ақ халық несиелер мен қарыздарды өтеуге де қомақты қаржы жұмсайды – 20 657 теңге.
Сарапшылардың пікірінше, шығын құрылымындағы азық-түліктің жоғары үлесі дамушы елдерге тән белгі. Дамыған мемлекеттерде бұл көрсеткіш әдетте 15 пайыздан аспайды.
Ұлттық банк бұл жағдайды тек табыс деңгейімен ғана емес, халықтың үйде тамақ әзірлеу әдетімен де түсіндіреді.
Соңғы деректерге сәйкес, елде шамамен бір миллионға жуық аз қамтылған азамат бар. Олардың бір бөлігіне тіпті азық-түлікке қаражат жетпейді.
Бұл жағдайда табыс пен шығын арасындағы алшақтық әлеуметтік қысымды күшейтетін факторға айналып отыр.
Материал авторы