Атыраудағы атыс: Фельдшердің өліміне қатысты 19 адам сотта жауап береді
Тойдан басталған төбелес қанды атысқа ұласқан еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда жедел жәрдем қызметінің жас фельдшерін өлтіру ісі бойынша сот процесі шешуші кезеңге жетті. Айыпталушылар орындығында бірден 19 адам отыр.
Іс материалдарына қарағанда, күдіктілердің басым бөлігі – 20-25 жас аралығындағы жастар. Олардың арасында жұмыссыздар, зауыт қызметкерлері, жеке компания өкілдері, тіпті заңгер де бар. Бұған дейін ешқайсысы қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.
Қайғылы оқиға 2025 жылы 16 тамыз кешінде басталған. Привокзальный ауданындағы «Ляпиза» мейрамханасында өткен тойда екі жігіт арасында жанжал туып, ол тез арада төбелеске ұласқан. Қақтығыс сыртқа шыққаннан кейін де тоқтамай, екі жақтан қосылған адамдармен жаппай төбелеске айналған.
Тергеу нұсқасы бойынша, жанжалға қатысқандардың бірі «бедел түсірілді» деп санап, танысы Д.А.-ға хабарласқан. Ол бейресми көшбасшы ретінде іске араласып, жағдайды ушығуға жеткізген. Осыдан кейін тараптар әдейі кездесіп, күшпен есеп айырысуға дайындалған.
Түнге қарай оқиға одан әрі күрделенген. Бір топ шамамен 16 адам жинап, көліктерге отырып, қару-жарақпен келген. Тергеу дерегі бойынша, олардың қолында аңшы мылтықтары, кесілген қару, қайта жасалған тапанша және өзге де атыс қарулары болған. Барлығы заңсыз сақталып, тасымалданған.
Түн ортасына таман екі топ Химпоселок ауданындағы бос алаңда кездескен. Көп ұзамай атыс басталған. Оқ дауысы маңайдағы тұрғындарды дүрліктіріп, жағдай бақылаудан шыққан. Қарулы адамдар тұрғын үйлердің іргесінде оқ атқан.
Алғаш болып қарсы тарап оқ ашқан. Жауап ретінде Д.А. да оқ жаудырып, өз адамдарын атысқа бұйырған. Осылайша, қақтығыс қарулы текетіреске ұласқан.
Оқтың бірі 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Азамат Асылбековке тиген. Оқ кеуде тұсынан өтіп, өмірлік маңызды ағзаларды зақымдаған. Ол оқиға орнында көз жұмған.
Осыдан кейін қатысушылар жаппай оқиға орнынан қашқан. Қару-жарақтың бір бөлігі жасырылған, кейбірі көміліп, өзгесі таныстарға тапсырылған. Кейін олар қайта жиналып, із жасыру жолдарын талқылаған.
Іс аясында қаруды жасыруға көмектесті деген күдікпен тағы бір адам жауапқа тартылған.
Айыпталушыларға түрлі баптар бойынша айып тағылған: біріне – топпен жасалған кісі өлтіру, екіншісіне – бұзақылық, үшіншісіне – заңсыз қару сақтау. Олардың арасында ұйымдастырушылар, орындаушылар және жанжалды қолдаушылар бар.
Қазір күдіктілердің бір бөлігі тергеу изоляторында, қалғаны үйқамақта отыр. Іс қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жолданған.
Айта кетейік, бұл – айыпталушыларға қатысты процесс қана. Қаза тапқан фельдшердің таныстарына қатысты да бөлек іс қаралып жатыр. Тергеу дерегінше, олар да қару қолданған. Бұл іс те аяқталуға жақын.
Материал авторы