Ким Чен Ын қызымен бірге жаңа танкте қыдырды
Солтүстік Корея жаңа танкін әлемге паш етті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын әскери оқу-жаттығу барысында елдің жаңа буындағы танкісіне отырып, оны жеке өзі сынақтан өткізді. Онымен бірге қызы Чжу Э болған.
Кадрларды Кореяның орталық телеграф агенттігі жариялады. Видеода Ким Чен Ын әскери қызметкерлермен бірге танк үстінде тұрғаны, ал қызы оның жанында отырғаны көрінеді.
Ресми мәліметке сәйкес, Солтүстік Корея лидері астаналық қорғаныс корпусына қарасты 60-оқу базасына барып, жаяу әскер мен танк бөлімшелерінің бірлескен шабуыл тактикасын бақылаған.
Әскерилер алдында сөйлеген сөзінде Ким Чен Ын жаңа негізгі танкті партияның стратегиялық жоспарының «мақтанышты нәтижесі» деп атады. Оның айтуынша, бұл техниканы әзірлеуге шамамен жеті жыл кеткен.
Мәлімделген дерекке қарағанда, жаңа танк заманауи басқару жүйелерімен, электрондық қарсы шаралармен, басқарылатын зымырандармен және белсенді қорғаныс кешенімен жабдықталған.
Сарапшылар мұндай демонстрациялар Пхеньянның әскери әлеуетін көрсетуге бағытталғанын атап өтеді.
Материал авторы