311

75 мың доллар пара: ҚМА кредиттік бюролардағы жемқорлық схемасын әшкереледі

Мемлекетке 2 млрд теңгеден астам залал келтірген.

75 мың доллар пара: ҚМА кредиттік бюролардағы жемқорлық схемасын әшкереледі
ҚМА

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ мен «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС басшыларына қатысты тергеуді аяқтады. Оларға лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану және пара алу бойынша айып тағылып отыр.

Тергеу деректеріне сәйкес, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» жеке тұлғалардың табысы туралы бірегей мемлекеттік деректерді басқаратын негізгі оператор саналады. Бұл мәліметтер несие алушылардың төлем қабілетін бағалау үшін шешуші рөл атқарады және оған балама заңды дереккөз жоқ.

Іс материалдарына қарағанда, 2020 жылы орталықтың бұрынғы басшысы Дәулет Арғандыков пен «Бірінші кредиттік бюроның» жетекшісі Руслан Омаров заңсыз келісім жасаған. Соның нәтижесінде аталған бюро қызметтерден түсетін табыстың үлесін 30 пайыздан 35 пайызға дейін арттырған. Бұл өзгеріс мемлекеттік орталықтың үлесін 70 пайыздан 65 пайызға дейін қысқартқан.

2025 жылы орталыққа жаңа басшы Асқар Сарбасов келгеннен кейін де бұл теңгерімсіз шарттар сақталып қалған. Тергеу барысында «Бірінші кредиттік бюроға» артықшылық беретін арнайы схема қолданылғаны анықталды.

Атап айтқанда, ақпарат алмасу жүйесіне сұраныстарды жедел өңдейтін арнайы сервис енгізілген. Ал «Мемлекеттік кредиттік бюро» жұмыс істейтін жүйеге керісінше, сұраныстарды баяулататын бағдарламалық шешім орнатылған.

Осының салдарынан мемлекетке, нақтырақ айтқанда «Еңбек ресурстарын дамыту орталығына» 2 млрд теңгеден астам шығын келген.

Сонымен қатар, 2025 жылғы маусымда күдіктілердің Сарбасовқа 75 мың АҚШ доллары көлемінде ақша бергені анықталған. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл қаражат заңсыз табыс әкелген схеманы сақтап қалу үшін ұсынылған.

Күдіктілер ұсталды. Сот санкциясымен олардың 1 млрд теңгеден асатын мүлкі мен бағалы қағаздарына тыйым салынды. Қылмыстық іс материалдары танысу үшін тараптарға жолданған.

Материал авторы