417

Ормуз бұғазы үшін тартыс: Трамп Иранға 48 сағат берді

Әлемдік мұнай жолына АҚШ соққы жасауы мүмкін.

Ормуз бұғазы үшін тартыс: Трамп Иранға 48 сағат берді
OSV News/Reuters/Marco Bello

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға Ормуз бұғазын ашу үшін 48 сағат уақыт берді. Бұл талап орындалмаған жағдайда, Вашингтон Тегерандағы бірқатар стратегиялық нысандарға соққы жасауы мүмкін.

Ақ үй басшысының мәлімдеуінше, егер екі күн ішінде бұғаз арқылы кемелердің толық әрі қауіпсіз өтуі қамтамасыз етілмесе, АҚШ қарулы күштері Ирандағы электр станцияларына соққы береді.

— Егер Иран Ормуз бұғазы арқылы еркін әрі қауіпсіз навигацияны қалпына келтірмесе, біз бірнеше электр станциясын, ең алдымен ең ірісін нысанаға аламыз, — деп жазды Трамп Truth Social желісінде.

Бұған дейін АҚШ әкімшілігі Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерді қорғау үшін халықаралық коалиция құруы мүмкін екені хабарланған.

Ормуз бұғазы — әлемдік мұнай тасымалы үшін стратегиялық маңызы бар нүкте. Күн сайын осы бағыт арқылы шамамен 20 миллион баррель мұнай, яғни жаһандық тұтынудың 20 пайызы өтеді. Қазіргі таңда бұл аймақта кеме қозғалысы айтарлықтай шектелген.

Сонымен қатар 21 наурызда АҚШ Иран мұнайын сатуға және тасымалдауға қатысты бірқатар операцияларға уақытша рұқсат берді. Бұл шешім 20 наурызға дейін танкерлерге тиелген мұнайға қатысты қолданылатыны көрсетілген.

Материал авторы