Қарағандыда батпаққа батқан 18 адам құтқарылды
Ақтоғайда адамдар батпақ құрсауынан шығарылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды облысында жол талғамайтын бағытпен жүрген бірнеше жеңіл көлік батпаққа батып, қозғалыссыз қалған. Көліктерде отырған 18 адам құтқарушылардың көмегімен шығарылды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға Ақтоғай ауданында, Айыртас ауылынан 35 шақырым жерде болған. Далалық жолмен келе жатқан төрт жеңіл көлік лайсаң жерге тұрып қалып, әрі қарай жүре алмаған.
Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар арнайы техникамен көліктерді тартып шығарып, қауіпсіз жерге жеткізді. Ведомство дерегінше, көліктегі адамдар зардап шекпеген, медициналық көмек қажет болмаған.
ТЖМ өкілдері шалғай бағыттарға шығар алдында жолдың жай-күйін және ауа райын нақтылап алуды ескертті. Сондай-ақ жолсыз жерлермен жүруден барынша сақ болуға шақырды.
Материал авторы