Өскеменде күдікті полицейге оқ атты
Оқиға түнде тұрғын үй ауласында болған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Өскеменде түнгі уақытта болған атыс оқиғасында полиция қызметкері жарақат алды. Құқық қорғау органдары екі күдіктіні ұстады, тағы бір адамға іздеу жарияланды.
Оқиға 22 наурызға қараған түні Сағадат Нұрмағамбетов көшесіндегі аулалардың бірінде болған. Патруль жол-көлік оқиғасын тексеру үшін шақыртуға барған. Сол жерде жасөспірім екі мас ер адамның агрессив әрекетіне шағымданған.
Полицей жағдайды реттеуге тырысқан сәтте күдіктілер оған шабуыл жасаған. Қызметкер ескерту ретінде үш рет оқ атқанымен, шабуылдаушылар оның қызметтік қаруын тартып алып, өздері оқ жаудырған. Соның салдарынан тәртіп сақшысы сол қолынан жарақат алды.
Күдіктілер оқиға орнынан қашып кеткенімен, кейін олардың екеуі ұсталып, қару тәркіленді. Алайда бейнежетон жазбасында тағы бір адамның болғаны анықталған – ол қазір іздестіріліп жатыр.
Жараланған полицей ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайы тұрақты екенін, өміріне қауіп жоқ екенін мәлімдеді.
Аталған дерек бойынша «билік өкіліне қатысты күш қолдану» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жалғасып жатыр.
Материал авторы