Елена Рыбакина Miami Open турнирінің ширек финалына сенімді өтті
Қазақстандық теннисші қарсыласын айқын жеңді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстандық теннисші, әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина Майамидегі WTA 1000 санатындағы турнирде тағы бір маңызды кезеңді еңсерді. Ол 1/8 финалда австралиялық Талия Гибсонды айқын басымдықпен жеңіп, ширек финалға шықты.
Кездесу екі сетке ғана созылды – 6:2, 6:3. Рыбакина матчты бірден брейкпен бастап, ойын тізгінін толық өз қолында ұстады. Бірінші сетте екі рет брейк жасап, қарсыласына мүмкіндік қалдырмады. Екінші партияда да дәл осындай сценарий қайталанып, қазақстандық теннисші ойынды сенімді аяқтады. Матч небәрі 64 минутқа созылды.
Бұл қарсыластар кортта алғаш рет кездесті. Гибсон бұған дейін турнирде алты матч қатарынан жеңіске жетіп келгенімен, Рыбакина оны тоқтатты.
Осыған дейін қазақстандық спортшы турнир жолында бірқатар мықты қарсыластарды, соның ішінде Наоми Осаканы да жарыстан шығарған еді.
Енді Рыбакина жартылай финал жолдамасы үшін әлемнің бесінші ракеткасы, америкалық Джессика Пегуламен кездеседі. Екі апта бұрын Индиан-Уэллс турнирінде қазақстандық теннисші оны жеңген болатын.
Айта кетейік, Рыбакина – Қазақстан атынан қатысып жатқан спортшылар арасында бұл турнирде ширек финалға жеткен жалғыз теннисші.
Материал авторы