OpenAI бейнежазба жасайтын Sora жобасын тоқтатты

Мәтінді видеоға айналдыратын жасанды интеллект істен шығатын болды.

OpenAI бейнежазба жасайтын Sora жобасын тоқтатты
Dado Ruvic / REUTERS

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, америкалық OpenAI компаниясы мәтін арқылы бейне жасайтын Sora жасанды интеллект құралын жабатынын мәлімдеді. Бұл туралы компанияның ресми хабарламасына сілтеме жасалып отыр.

Sora – пайдаланушы берген мәтін негізінде шынайы видеоларды, тіпті дыбыстаумен бірге генерациялай алатын озық жүйелердің бірі еді. Жоба 2024 жылдың желтоқсанында іске қосылып, қысқа уақыт ішінде саладағы ең қуатты құралдардың қатарына кірген.

Жүйенің жабылатыны туралы хабарлама Sora-ның X желісіндегі парақшасында жарияланды. Компания пайдаланушыларға алғыс білдіріп, бұл шешім көпшілік үшін күтпеген әрі көңілге қаяу түсіретінін мойындады. Алайда нақты себептері әзірге ашық айтылған жоқ – OpenAI бұл туралы кейінірек түсініктеме беруге уәде етті.

OpenAI – 2022 жылдың қарашасында іске қосылып, небәрі бір аптада миллиондаған қолданушы жинаған ChatGPT чат-ботының әзірлеушісі. Компания жасанды интеллект нарығындағы негізгі ойыншылардың бірі саналады.

Айта кетейік, OpenAI 2015 жылы құрылған, оның негізін қалаушылардың қатарында Илон Маск та болған. Кейін ол жобадан кеткен.

Материал авторы