344

Каспий жағалауында аққулар жаппай қырылды

Ақтау маңында құстардың өлімі тіркелді.

Каспий жағалауында аққулар жаппай қырылды
lada.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтау қаласына жақын Каспий теңізі жағалауында аққулардың жаппай қырылғаны анықталды. Қайғылы көріністі режиссер Қанат Майлыбаев Сайына Шапағатов ауылында болған кезде байқап, жұртшылыққа жеткізді.

Оның айтуынша, теңіз жағасында жаңа ғана өлген құстар да, біраз уақыт бұрын қырылғандары да қатар жатқан. Аймақтың адам аяғы сирек басатын бөлігі болғандықтан, бұл жағдай ұзақ уақыт бойы көзден таса қалуы мүмкін.

«Мұндайды бұрын-соңды көрмедім. Көптеген құстың өлі жатқанын көріп, қатты таңғалдым», – деді ол.

Майлыбаев жағалауды толық араламағанын айтады. Соған қарамастан, алыстан-ақ өлі құстардың саны бұдан да көп болуы ықтимал екенін байқаған.

Оқиғаның нақты себептері әзірге белгісіз. Экологиялық жағдайға қатысты мамандардың ресми түсініктемесі күтілуде.

Материал авторы