298

Ақтөбеде такси апатқа ұшырап, жолаушы ауыр жарақат алды

Жол бермеген жүргізуші жолаушыны мүгедек қыла жаздады.

Ақтөбеде такси апатқа ұшырап, жолаушы ауыр жарақат алды
Pixabay.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде такси көлігі қатысқан жол апаты ауыр салдарға әкелді. Оқиға салдарынан жолаушы әйел үш қабырғасынан айырылып, бірнеше ай бойы қалыпты қозғала алмай қалған.

Оқиға жас әйелдің баласымен бірге мобильді қосымша арқылы такси шақырған сәтте болған. Chevrolet Cobalt жүргізген 27 жастағы жүргізуші реттелмейтін қиылыстан өту кезінде басқа көлікке жол бермей, соқтығысқа себеп болған. Нәтижесінде жолаушы ауруханаға жеткізіліп, оған үш қабырғаның сынуы диагнозы қойылған.

Жүргізушіге қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша іс қозғалып, ол сот алдында жауап берді. Айыпталушы кінәсін мойындап, зардап шеккен тараптың ем-дом шығындарын өтегенін айтты. Сонымен қатар өзін отбасының жалғыз асыраушысы екенін, жұбайының эпилепсия дертімен ауыратынын алға тартып, жазаны жеңілдетуді сұраған.

Сотта жәбірленуші алған жарақат салдарынан ұзақ уақыт қозғала алмай, тыныс алу мен тамақтанудың өзі қиындағанын жеткізді. Ол екі ай бойы жұмысқа шыға алмай, несиелерін төлеу үшін қарызға батуға мәжбүр болғанын айтты. Осыған байланысты моральдық шығын ретінде 500 мың теңге өндіруді талап етті.

Сот такси жүргізушісін 80 сағат қоғамдық жұмысқа тартып, бір жылға көлік жүргізу құқығынан айырды. Сондай-ақ ол жәбірленушіге 500 мың теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді. 

Материал авторы