354

Қазақстан соғысқа тартылуға қарсы позициясын мәлімдеді

СІМ: бейтарап елдерді қақтығысқа араластырмау керек.

Қазақстан соғысқа тартылуға қарсы позициясын мәлімдеді
gov.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы шиеленіс күшейген тұста елдің ұстанымын тағы бір мәрте нақтылады. Астана бейтарап мемлекеттердің әскери қақтығыстарға тартылуына қарсы.

Бұл ұстаным ҚР СІМ басшысы Ермек Көшербаевтың БАӘ премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі шейх Абдалла бен Заид Әл Нахаянмен телефон арқылы сөйлесуі барысында айтылды. Тараптар өңірдегі ахуалды талқылап, пікір алмасты.

Көшербаев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұған дейін мәлімдеген позициясын растады. Ол аймақтағы шиеленістің ушығуына, соның ішінде БАӘ аумағына жасалған соққыларға алаңдаушылық білдірді.

Министрдің айтуынша, Қазақстан егемендік пен аумақтық тұтастықтың бұзылуын қабылдамайды. Сондай-ақ елдер арасындағы дауларды күшпен емес, халықаралық құқыққа негізделген саяси-дипломатиялық жолмен шешу қажет екенін атап өтті.

Кездесу барысында Қазақстан мен БАӘ арасындағы серіктестік те сөз болды. Көшербаев эмират тарапының қазақстандықтарды эвакуациялауға көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді.

Өз кезегінде шейх Абдалла бен Заид Әл Нахаян Қазақстанның қолдауын жоғары бағалап, өңірлік тұрақтылықты сақтау үшін халықаралық күш-жігердің маңызын атап өтті.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор