Венгрия Украинаға газ жіберуді тоқтатты
Орбан газды саяси құралға айналдырды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Венгрия Украинаға газ жеткізуді уақытша тоқтатты. Будапешттің талабы нақты: «Дружба» құбыры арқылы ресейлік мұнай тасымалы қайта жанданбайынша, Киев венгр газын көрмейді. Бұл туралы ел премьер-министрі Виктор Орбан әлеуметтік желідегі видеоүндеуінде мәлімдеді.
Орбанның сөзінше, қазіргі жағдайда Венгрия газды сыртқа шығармай, ішкі нарыққа сақтап, қор жинауды күшейтеді. Оның айтуынша, бұл қадам «энергетикалық блокаданы бұзу» және елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Сонымен қатар, өңірдегі энергетикалық инфрақұрылымға жасалған шабуылдар жеткізілімнің тұрақтылығына қауіп төндіріп отыр.
Энергетикалық текетірес соңғы айларда күрт ушықты. Қаңтарда Украина «Дружба» құбыры арқылы Венгрия мен Словакияға мұнай айдауды тоқтатқан. Киев мұны инфрақұрылымның зақымдануымен түсіндірді. Бұған жауап ретінде Будапешт алдымен отын жеткізілімін шектеп, кейін Украинаға қатысты Еуроодақ шешімдерін бұғаттай бастады.
Орбан бұған дейін де Киевке жаңа қаржылық қолдау пакеттерін қолдамайтынын ашық айтқан. Әңгіме ондаған миллиард еуроға бағаланған ЕО көмегі туралы болып отыр. Венгрия бұл мәселеде мұнай жеткізілімі шешілмейінше, ымыраға келмейтінін көрсетіп отыр.
Жалпы, Венгрия Еуроодақтағы ресейлік энергоресурстарға ең тәуелді елдердің бірі саналады. Газдың негізгі бөлігі «Түрік ағыны» арқылы келсе, мұнай «Дружба» құбырымен жеткізіледі. Осы тәуелділік Будапешттің Брюссельмен де, Киевпен де жиі қайшылыққа түсуіне себеп болып отыр.
Саяси фон да жағдайды күрделендіріп тұр. 12 сәуірде Венгрияда сайлау өтеді. Сарапшылар Орбанның басты қарсыласы ретінде Петер Мадьярды атап отыр. Энергетикалық дағдарыс осы науқанның негізгі тақырыптарының біріне айналуы мүмкін.
Материал авторы