Рыбакина Майамиде тарихи рекорд орнатты
WTA 1000 турнирлерінде Рыбакина 13-рет жартылай финалға шықты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Майами қаласында өтіп жатқан WTA 1000 турнирінде тағы бір белесті бағындырды. Жартылай финалға шыққан қазақстандық теннисші бірден бірнеше рекордтың авторы атанды.
Ең бастысы – Рыбакина мансабында WTA 1000 деңгейіндегі жарыстарда 13-рет жартылай финалға жолдама алды. Осы көрсеткіш арқылы ол Азия теннисшілері арасындағы рекордты жаңартты. Бұған дейінгі үздік нәтиже қытайлық Ли Наға тиесілі болатын – 12 жартылай финал.
Бұған қоса, қазақстандық спортшы Индиан-Уэллс пен Майами турнирлерінде қатарынан бірнеше маусым бойы жартылай финалға шыққан санаулы теннисшілердің қатарына қосылды. Ол бұл көрсеткіш бойынша Мария Шарапова мен Виктория Азаренконың деңгейіне жетті.
Ширек финалда америкалық Джессика Пегулаға қарсы ойында Рыбакина 15 эйс жасап, турнирдің биылғы ең жоғары нәтижесін тіркеді.
Енді финал жолдамасы үшін ол әлемнің бірінші ракеткасы, өткен жылғы Майами чемпионы Арина Соболенкомен кездеседі. Қос теннисші бұған дейін 16 рет ойнап, жалпы есепте белорусь спортшысы 9:7 есебімен алда тұр.
Айта кетейік, биыл Аустралия ашық чемпионатының финалында Рыбакина жеңіске жетсе, Индиан-Уэллсте Соболенко қарымта қайтарған еді.
Қазіргі таңда WTA Live рейтингінде Рыбакинаның еншісінде 8 108 ұпай бар. Ал көш басындағы Соболенко 10 415 ұпай жинаған.
Материал авторы