Байменов: Терминком мүшелері шет тілдерін білуі тиіс
Қазақ терминологиясын дамыту үшін тіл білетін мамандар қажет дейді Әлихан Байменов.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақ терминологиясын дамытатын Терминком мүшелері шет тілдерін білуі қажет. Мұндай ұсынысты Мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов айтты.
Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында Әлихан Байменов Терминкомға қатысты өз ойымен бөлісті.
«Менің ойымша, Терминкомда ең алдымен міндетті түрде бүкіл түркі тілдес халықтың — түрік, әзербайжан, татар, өзбек, қырғыз тілін білетін адамдар болуы керек. Өйткені, кейде сол елдерге барғанда біз жаттанды түрде қолданып жүрген сөз тіркестеріндегі кей сөздерді олардың басқа мағынада пайдаланып жүргенін байқаймыз», — деді ол.
Сонымен қатар, ағылшын, араб және қытай тілдерін білетін мамандар да қажет екенін атап өтті:
«Ағылшын тілін білетін адамдар болуы тиіс. Өйткені, әлемдегі жаңалықтардың басым көпшілігі сол тілде. Араб және қытай тілдерін білетін адамдар да қажет. Төртіншіден, бізде тұратын үлкен диаспоралардың, Қытайдан, Моңғолиядан, Өзбекстаннан көшіп келген қазақтардың өкілдері болуы тиіс», — деді Байменов.
Комитет төрағасы бұл ұсынысын Тіл білімі институтының басшылығына жеткізгенін айтты.
«Өмірде адам, жас бала оңай жолын іздейді. Қазақ тілінде балама сөзі болмаса, өзі біліп тұрған тілде сөйлеп кетеді. Орыс тілінің қолдану аясының бұрынғыша қалып отыруының бір себебі де осы», — деді ол.