Байменов қазақ тілін сақтау мен дамытуда ұлт белсенді болуы тиіс екенін айтты
Махмұд Қашқаридің сөздігі қазіргі заманға қажет дейді саясаткер.
Тілдің иесі — Терминком емес, ұлт. Қазақ тілінің дамуы үшін ұлттың өзі белсенді болуы керек. Мұндай пікірді Мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов BIZDIÑ ORTA подкастында айтты.
«Тілдің иесі ұлт екенін ұмытпауымыз керек. Тілдің иесі — Терминком емес, тілдің иесі — ұлт. Уақыт өткен сайын емле ережесі де қарапайымдалып және жетілдіріліп отыруы керек. Сонымен қатар сөздік қор да толықтырылып отыруы қажет… Ағылшынның тілдік қоры ХХ ғасырдың басында 500 мың болса, ХХІ ғасырда 1 миллионға жеткенін оқыдым. Біздің өмір салтымыз, қоршаған ортамыз, шаруашылығымыздың негізі сөздік қорға әсер етеді. Егер біз мың жыл бұрын жазылған Махмұд Қашқаридің сөздігін алсаңыз, одан кейін біз айырылған көптеген сөзді білесіз», — деді комитет төрағасы.
Әлихан Байменов Қашқаридің Асқар Егеубаев қазақиландырған нұсқасын қайта басып шығару керектігін атап өтті.
«Кезінде сол кітаптан мың жыл бұрын бізде «париктің» қазақша баламасы болғанын көріп қалдым. Кейін қайта іздеп таба алмадым. Себебі әліппемен жазылмаған. Басқа қағидатпен сөздер бөлек-бөлек, кейде сөз тіркестері түрінде жазылған. Біз осындай бұрынғы қазынамыздан да айырылмауымыз, іске қосып, пайдалана білуіміз қажет», — деді Әлихан Байменов.