«Ақша жинады»: Астанада әскердегі зорлық туралы ақпарат таратқан алаяқ әшкереленді
Threads-тағы жазба қысқа уақытта мыңдаған адамды сендіріп үлгерген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада әскердегі зорлық туралы жалған ақпарат таратып, ақша жинаған 23 жастағы ер адам ұсталды. Резонанс тудырған оқиға ойдан шығарылған болып шықты. Polisia.kz мәліметінше, 23 жастағы тұрғын алаяқтық және көрінеу жалған ақпарат тарату күдігімен ұсталған.
23 ақпанда Threads желісінде аноним аккаунттан жарияланған жазба қоғамда үлкен резонанс тудырған. Онда автор өзін әскерде қызмет ету кезінде зорлық көрдім деп мәлімдеген. Постта ол психологиялық күйінің ауыр екенін айтып, елден кету үшін қаржылай көмек сұраған.
Жазбада эмоциялық әсер күшейтіліп, нақты детальдар келтірілген. Автор өзіне қауіп төніп тұрғанын айтып, банк деректерін жариялап, ақша аударуды сұраған. Нәтижесінде қысқа уақыт ішінде жүзден астам аударым түскен.
Алайда күмәнданған қолданушылардың бірі көрсетілген шотты тексеріп, полицияға хабар берген. Тексеру барысында есепшот 17 жастағы жасөспірімге тиесілі екені анықталған.
Тергеу мәліметінше, жасөспірім өз деректерін танысына берген. Ол ақшаны қабылдау үшін басқа есепшот қажет екенін айтып, көмектесуін сұраған. Жасөспірім қылмыстық ниетті білмей, келісім берген.
Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде жалған пост авторы ұсталды. Полиция оның әскерде мүлде қызмет етпегенін анықтады. Күдікті жалған ақпаратты әдейі ақша табу мақсатында таратқанын мойындаған.
Аталған фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, сот санкциясымен қамауға алынды. Оған бірнеше жылға бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр.
Материал авторы