Дауға қалған «Qalqan» медсақтандырудың тас-талқанын шығармас па?

МӘМС-тің жаңа «крыша-қалқаны»: жыртық бюджетті жамай ма, әлде жұртты тағы алдай ма?

Дауға қалған «Qalqan» медсақтандырудың тас-талқанын шығармас па?
SMARTNEWS.KZ коллажы

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) айналасындағы дау-дамайдың толастайтын түрі жоқ. Осыған дейін миллиардтарды «жеп» келген жүйе енді Қаржы министрлігінің қарамағына өтіп, «Qalqan» атты жемқорлыққа қарсы жаңа «сауыт» кимекші.

Медицинаның тізгінін өз қолына алған қаржыгерлердің «тәбеті» де жақсы бола ма деп, сарапшылар алаңдаулы. Үкімет бұл платформаны коррупция мен былыққа қарсы басты қару ретінде таныстырғанымен, ел мұны кезекті «цифрлық ертегі» көріп отыр.

Бас қаржыгердің «ревизиясы» және тексіз интеллект

МӘМС жүйесі Денсаулық сақтау министрлігінің жылы құшағы мен ақ халатынан шығып, Қаржы министрлігінің шекпен-костюмі мен қатал бақылауына өткеніне небәрі 1,5 ай болды. Елдің бас қаржыгері Мәди Тәкиев өзіне мұраға қалған ну орманды тазарту үшін мемлекеттік аудиторларын іске қосты.

Қазіргі кезде құқық қорғау органдары да жүйеге кең ауқымды тексерулер жүргізіп жатыр. Тексерістің нәтижелері талай былықты ашып, талай шенеуніктің ұйқысы қашыруы мүмкін.

Осы тұста қожайынын ауыстырған ӘМСҚ «МӘМС 2.0» моделін таныстырып үлгерді. Ең қызығы, жаңа модель денсаулық сақтау саласының шығындарын басқаруды жасанды интеллектіге (ЖИ) тапсырмақ. Қазақстандықтардың қайсысын қандай аурудан емдеу, қандай науқастарды көмектен қағу енді құлтемірдің қолына көшпей ме? Министрлік жауабын жарияланбады.

Сірә, пенде атаулының адалдығынан биліктің әбден көңілі қалған болса керек, енді науқастардың тағдыры мен миллиардтаған теңгенің есебін адам емес, тегі белгісіз алгоритмдер шешетін болады.

Қалқан: «ақша шыққан жоқ, тек астар мен астау ауысты»

Осы орайда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы Гүлмира Сәбденбек Qalqan платформасы төңірегіндегі сарапшылардың қатаң сынына қатысты түсініктеме берді. Ол осы платформаны құруға қосымша қаражат жұмсалды деген мәлімдемелер жалған деп отыр.

Оның айтуынша, бұл жаңа жүйе емес, бар болғаны Қаржы министрлігінің «заманауи технологиялық платформасына» көшу ғана.

«Қоғамдық кеңістікте Qalqan платформасын құру үшін қосымша қаражат жұмсалды деген жаңсақ тұжырымдар таралуда. Бірден айтайын, бұл шындыққа жанаспайды! Qalqan қолданыстағы шешімдердің сыртында, жаңа, жеке жүйе ретінде құрылып жатқан жоқ. Сөз қордың қолданыстағы цифрлық контурын дамыту және Қаржы министрлігінде қолданылып жүрген неғұрлым заманауи технологиялық платформаға көшу туралы болып отыр», деді ӘМСҚ басшысы.

Оның түсіндіруінше, қордың бұл платформаны таңдау себебі онда дайын технологиялық шешімдер бар көрінеді. Ол Қаржы министрлігінің кеңірек интеграциялық әлеуетін қамтамасыз етеді және жаңа инфрақұрылым жасамай-ақ, қажетті функционалдық мүмкіндіктерді әлдеқайда жылдам іске асыруға мүмкіндік береді.

Сурет: @KZgovernment

«Ең бастысы, платформаны құру денсаулық сақтау жүйесі үшін қосымша шығынсыз жүзеге асырылады. Qalqan медициналық ақпараттық жүйе (МАЖ) емес екенін және Damumed сияқты сервистерді немесе басқа да МАЖ-дарды алмастырмайтынын баса айту маңызды. Платформа емдеу процесіне араласпайды және дәрігерлерге қосымша жүктеме түсірмейді. Оның мақсаты — қаржы ағындарының ашықтығын қамтамасыз ету, көрсетілген қызметтерді верификациялап, растау және МӘМС қаражатының пайдаланылуын бақылау», деп сендірді Гүлмира Сәбденбек.

Жаңа платформа деректерді біріктіруге, есеп айырысудың ашықтығын арттыруға және қаражат қозғалысының үздіксіз бақылануын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Qalqan-ның негізгі міндеті:

төленген әрбір қызметті растау,

МӘМС жүйесіндегі әрбір теңгенің қайда кетіп жатқанын қадағалау,

қызметтердің шынымен көрсетілгенін, негізді болуын және медициналық көмекке бағытталуын қамтамасыз ету.

Қарапайым тілмен айтқанда, бұл емдеу туралы емес, ақша туралы жүйе. Осылайша, бұл жағдайда цифрландыру — қосымша шығын емес, тиімділікті, ашықтықты және жүйеге деген сенімді арттыру құралы.

Ақша қозғалысы неғұрлым ашық болса, нақты медициналық көмекке, жабдықтарға және дәрігерлердің еңбегіне лайықты ақы төлеуге соғұрлым көп ресурс қалады, деп нақтылады Сәбденбек Facebook парақшасында.

Әбішевтің ащы шындығы: «Гүлдері» әдемі-ау, «жидектері» улы емес пе?

Денсаулық сақтау экс-вице-министрі Олжас Әбішев бұл жаңашылдыққа күмәнмен қарайды. Оның айтуынша, шенеуніктердің Қазақстанның барлық медициналық ұйымдарын мәжбүрлеп, осы бірыңғай цифрлық тұғырнамаға көшіртуі медициналық қауымдастықта мазасыздық туғызған.

«Соңғы бірнеше күнде маған көптеген әріптестерім мен таныстарым бір сұрақпен жүгіне бастады. Бәрінің сұрайтыны: жақында Премьер-министрге таныстырылған Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа Qalqan ақпараттық жүйесі деген не? Шынымды айтсам, ашық дереккөздерде бұл жүйенің егжей-тегжейі туралы іс жүзінде ештеңе жоқ. Бірақ неге екені белгісіз, назардан тыс қалып қойған басқа бірсұрақ бар», деді сарапшы.

Ол 2021 жылдан 2025 жылға дейін бүкіл халық Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінен үнемі айқайлаған мәлімдемелерді естіп келдідейді. ДСМ вице-министрлерінен бастап, Премьер-министрдің осы салаға жауапты орынбасарына дейін, жыл сайын: «міне, енді цифрландыру арқылы барлық мәселе шешілді» деген уәде айтты.

«Енді міне, жаңа Qalqan деген жүйесін енгізіп жатыр. Қисынды сұрақ туындайды: сонда алдыңғы барлық уәделердің және жобалардың нәтижесі қайда? Осыған дейін енгізілген шешімдер не болды? Неліктен тағы да «нөлден» басталады? Менің білуімше, Qalqan бұл Қаржы министрлігіне қарасты ұйымның шешімі. Онда Денсаулық сақтау министрлігі өзінде не үшін үлкен ІТ-команданы ұстап отыр? Олар осы жылдар бойы немен айналысты? Нәтижесі жоқ болса, олүшін қандай жауапкершілік арқалайды?», деп сұрақ қойды Әбішев.

Оның пікірінше, Қазақстанда цифрландыру — нақты нәтижеге жету емес, процестің өзін малдануға айналған.

ӘМСҚ басшысы «Қалқанға» қосымша ақша шығарылған жоқ дейді. Бірақ мұны тексеру қиын. Қордың бухгалтериясы барлық ішкі құжатын жұртшылыққа жайып салған жоқ. Сондай-ақ «тегін ірімшіктің қайда болатынын» жақсы білетін жұртшылық бұған шүбәланады.

Басқаны қоспағанда, қаржы жүйесіне арналған Qalqan-ның медицинаға арналған бөлігін ұстап тұру, бағдарламасын жаңғыртып отыру, жұмысын жүргізу үшін жеке команда жалдау, мамандар мен қызметкерлердің еңбекақысын төлеу, оны әзірлеушілердің ақысын өтеу, серверлердің шығыны бар емес пе?

Қор басшысы қоғамды мазалаған сұрақтарға нақты жауап бермейді. Жай-жапсарына тереңдемейді. Тек «платформаны құру денсаулық сақтау жүйесі үшін қосымша шығынсыз жүзеге асырылады» деді. Бәлкім, Денсауминінен кеткендіктен, ол қосымша шығын денсаулық сақтау жүйесінен емес, Қаржы министрлігі жүйесінен шығарылып жатқан жоқ па?

Бұл іс-әрекет — оң қалтасын сипалап, тиын таппаған соң, сол қалтасынан ақша суырып төлеген, бірақ жұртқа: «оң қалтам бос болған соң, ештеңе төлеген жоқпын!» деп мақтана әңгіме айтқан адамныңісіне ұқсайды. Өйткені шенеуніктер бюджеттің тақырлығын бүкіл әлемге трагедия етіп жариялап, ізінше көрінген нәрсеге «сол қалтасынан» жомарттықпен ақша шашып жататыны жасырын емес.

«Бізде бастысы іске қосу, таныстыру, бюджетті игеру. Ал, істінәтижеге дейін жеткізу бұл екінші кезектегі шаруа. Бұл өзгермейінше, жатыр мойны обыры скринингінен өткен 769 446 ер адам бұл әлі «гүлдері» ғана. Нағыз «жидектерді» Qalqan іскеқосылғанда көреміз», деп ирониямен түйіндеді Әбішев.

Бектеновтың батасы: Тәкиевтің тағы бір «тәтті» ЖИ жобасы

Қалай болғанда, Қаржы министрі Мәди Тәкиев Үкімет басшысының министрлер арасындағы ең «сүйкімдісі». Ол не жасаса да, Премьер-министрге ұнайды. Жуырда Олжас Бектеновтың өзі Үкіметте арнайы кеңес өткізіп, осы жаңа жүйемен жеке танысып, ақ батасын берді.

Кеңесте Премьер-министрге МӘМС-тің жаңа архитектурасының технологиялық негізі және «цифрлық қалқаны» саналатын Qalqan жаңа цифрлық платформасының функционалдық мүмкіндіктері таныстырылды, деп мәлімдеді Үкіметтің баспасөз қызметі.


Сурет: @KZgovernment

Ақпараттық-есепке алу орталығының басшысы Жанасыл Оспановтың айтуынша, платформа қаржыландыру процестерін толық цифрландыруды, медициналық ақпарат жүйелерімен (АЖ) интеграциялауды, барлық басқару шешімдерін талдамалық сүйемелдеуді және пациенттер мен клиникаларды қолдауды қамтамасыз етеді.

Мәселен, пациент деңгейінде Qalqan жүйесінде қызметтер, госпитализациялар, талдаулар, тағайындаулар, медициналық шығыстар, МӘМС, ТМККК бойынша шығындарды бөлу бойынша ақпарат жинақталады. Қазіргі уақытта бұл деректердің барлығы бытыраңқы, сол себепті пациент көп ретте өзіне қатысты ахуалдың толық сипатын көре алмайды. Qalqan пациенттің бірыңғай деректер тізбегін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар азаматтар сәйкессіздіктер туралы хабарлауға мүмкіндік алады.

Қор сарапшыларының есептеулеріне сәйкес, енгізілетін инновациялардың әлеуетті экономикалық әсері 200 млрд теңгеден асады. Реформа медициналық қызметтерді қаржыландыру мен оның сапасының айқындығын және толық қадағалануын, медицина қызметкерлеріне түсетін жүктеменің төмендеуін қамтамасыз етеді.

Кеңес қорытындысы бойынша Олжас Бектенов ұсынылған тәсілдерді мақұлдап, бірқатар тапсырма берді. Үш мегаполис пен барлық облысәкімдері, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі 2026 жылдың 15 сәуіріне дейін МӘМС және ТМККК шеңберінде қызмет көрсететін медициналық ұйымдардың Qalqan жүйесіне толық көшуін қамтамасыз етуге міндеттелді.

Бұл — шегінетін жер жоқ деген сөз. Егер бұл жүйе де сыбайлас жемқорлықтың алдында дәрменсіз болып шықса, тіпті керісінше, коррупционерлердің қалқанына айналып кетсе, МӘМС-тің «тас-талқаны» шығуы әбден мүмкін.

Материал авторы