Ақтөбеде 17 жасар жасөспірімнің өліміне байланысты тағы екі күдікті ұсталды
Жасөспірімдер арасындағы топтық төбелес трагедиямен аяқталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысының Шалқар қаласында 17 жасар Әлихан Жәнібектің өліміне байланысты тергеу аясында екі қосымша күдікті ұсталды. Қазір бұл іс бойынша барлығы үш адам қамауға алынған, ал полиция тергеуді ерекше бақылауға алған.
Шалқар қаласында өткен топтық жанжалдан кейін 17 жасар жасөспірімнің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Алғашында 18 жастағы жергілікті тұрғын ұсталған болатын. 21 наурызда қаза тапқан жасөспірімнің әкесі Жәнібек Алиманов аймақ прокуроры мен әкімге шағымданған: жанжалға 14–15 жасөспірім қатысқан, бірақ бір ғана адам қамауға алынған, сондықтан толыққанды тергеу жүргізуді сұраған.
26 наурызда полиция өкілдері хабарлағандай, тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша жүргізілуде: біріншісі – кісі өлтіру, екіншісі – топ болып жасалған хулигандық әрекет. Қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторына үш күдікті жеткізілген, сондай-ақ оқиғаға қатысушылар мен куәгерлер анықталған.
Тергеу жұмысын тәжірибелі қызметкерлерден тұратын арнайы тергеу-бақылау тобы жүргізіп жатыр. Барлық материалдар облыстық полиция департаментіне жіберілген және іс барысы басшылықтың ерекше бақылауында.
Бұған дейін хабарланғандай, Ақтөбе облысының Шалқар ауданында жасөспірімдер арасындағы топтық төбелес кезінде бір қатысушы пышақ жарақатын алып, сол жерде қаза тапқан.
Материал авторы