147

Академик Асқар Жұмаділдаевтің 70 жылдық мерейтойына орай жас математиктер арасында олимпиада өтті

Жеңімпаздарды белгілі математик, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев марапаттады. Beta High School жекеменшік мектебі бұл жарысты ғалым Асқар Серқұлұлының мерейтойына орай ұйымдастырды.

Академик Асқар Жұмаділдаевтің 70 жылдық мерейтойына орай жас математиктер арасында олимпиада өтті
Beta High School

Алматыда жас математиктер арасында республикалық олимпиада өтті. Сайысқа еліміздің түкпір түкпірінен 100-ден аса мұғалім  қатысуға өтінім жіберген. Олимпиаданың қорытындысы бойынша 20 педогог үздік атанды. Жеңімпаздарға салтанатты түрде дипломдар мен қаржылай сыйлық табысталды. Жалпы жүлде қоры 2 000 000 теңге.

Өңірлерден келген мұғалімдер мұндай мүмкіндікке қуанышты екенін жеткізді.  

“Олимпиадаға біз Маңғыстау облысынан келіп қатыстық. Есептер өте қызық әрі күрделі болды. Жарыста мұғалімдердің академиялық адалдықты сақтауына үлкен мән берілді. Бәсекелестер де мықты, менен де тәжірибелі және білімді мұғалімдердің болғаны анық. Бірақ бағымыз жанып, 1 орын иелендік. Белгілі математик Асқар Жұмаділдаевтың қолынан марапат алуды үлкен мәртебе санаймын”,- деді жүлдегер Бауыржан Кубеев.  

Тағы бір жеңімпаз Асылан Мақұлбектің айтуынша, жарыс - тәжірибе алмасу үшін тамаша мүмкіндік. 

“Осындай олимпиадалардың маңызы жоғары. Ол мұғалімдердің білімін тексеріп қана қоймай, логикалық ойлау мен шығармашылық қабілетін арттырады. Мұндай алаңда біз өзара тәжірибе алмасамыз. Бізге өз білімімізді сарапқа салуға мүмкіндік берген осындай олимпиадалар жиірек өте берсін”,- деді жас мұғалім. 

Ұйымдастырушы «Beta High School» директоры, математика мұғалім Бақнұр Зиябековтың айтуынша, Асқар Серқұлұлының мерейтойы аясында олимпиада өткізу дәстүрге айналып, күзде де жалғасатынын айтты.  

“Бізде ұлт тұлғаларының мерейтойында бәйге, көкпар, айтыс секілді үлкен тойлар өтіп жатады. Біз бұл үрдіске өзгеріс енгізіп, Асқар ағамыздың 70 жылдығында олимпиада өткізуді жөн көрдік. Бұл өскелең буын үшін де пайдалы. Неге десеңіз, білімді өмірде қолдануды зерттейтін халықаралық PISA рейтингі бойынша біздің ел 80 орында тұр. Ал TIMSS бойынша үздік отыз елдің қатарындамыз. Бұл біздің балалар бәрін біледі, бірақ өмірде қолдана алмайды деген сөз. Бұл математикалық сауаттылық көрсеткіші төмен дегенді білдіреді. Біз жарыста мұғалімдерге қолданбалы  есептер беріп, олардың біліктілігін арттыруды көздейміз”, - деді Бақнұр Зиябеков.  

Математикалық сауаттың төмендігіне білім саласының сарапшысы Нұрлан Қиясов та назар аударды: 

“Уақыт талабы өзгеріп жатыр, енді жай ғана формуланы қойып, есеп шығару жеткіліксіз. Қазіргі таңда адамның математикалық білімі, әдістері мен логикасын өмірдегі қолданбалы мәселелерді шешу үшін қолдана білу қабілеті маңызды. Бұл математикалық сауаттылық деп аталады. Осы тұста қазақстандық білім беру жүйесінде түйткілді мәселелер бар. Математикалық сауаттылығы төмен мектеп түлектерінің үлесі әлі де жоғары. Түлектердің есеп шығара алғанымен, олардың 70%-ға жуығы математикалық сауаты төмен болып отыр. Бұл мұғалімдердің немесе оқушылардың кінәсі емес. Бізге пәндердің мазмұны мен оқыту әдістемесін түбегейлі қайта қарау қажет”, - деді  Нұрлан Қиясов. 

Осы ретте, бұл олимпиада математика пәнін оқытудың қолданбалы деңгейін көтеріп қана қоймай, математика мұғалімі мамандығының беделін арттырады.