«Жұмаққа кірмейсің»: Қызылордада әйеліне діни уәжбен қысым көрсеткен ер адам анықталды
Полиция бұл әрекетті психологиялық зорлық-зомбылық ретінде тіркеп, жұмыс жүргізіп жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қызылордада діни көзқарасын алға тартқан ер адам әйеліне психологиялық қысым көрсеткен. Полиция бұл деректі «Қауіпсіз үй» рейді кезінде анықтады.
Қызылорда облысында 26–29 наурыз аралығында өтіп жатқан «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кезекті дерегі тіркелді.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, рейд кезінде құқық қорғау органдары жүздеген үйді аралап, тұрғындарға әлеуметтік көмек түрлері мен оны алу тәртібін түсіндірген. Бір күннің өзінде 300-ге жуық тексеру жүргізіліп, 150-ге тарта адам мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар қамтылған. Нәтижесінде 250-ге жуық құқықбұзушылық анықталып, 82 адам профилактикалық есепке алынған.
Осы шара барысында Қызылорда қаласында тұратын ер адамның өз жұбайына жүйелі түрде психологиялық қысым көрсеткені белгілі болды. Ол әйеліне «намазың қабыл болмайды», «жұмаққа кірмейсің», «ерінің разылығын алмаған адамның құлшылығы қабыл болмайды» деген сөздер айтып, психикалық жағдайына кері әсер еткен.
Полиция бұл әрекетті психологиялық зорлық-зомбылық ретінде тіркеді. Қазіргі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бөлімінің қызметкерлері тараптармен жеке жұмыс жүргізіп, құқықтық түсіндіру мен психологиялық көмек көрсетіп жатыр.
Құқық қорғау органдары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған азаматтарды 102 немесе 111 сенім телефондарына жүгінуге шақырды. Сонымен қатар, дағдарыс орталықтарының көмегіне жүгіну мүмкіндігі бар екені ескертілді.
Материал авторы